"Темірлан" халық театры сыбайлас жемқорлықты сахнада көрсетті

0
1 976

​"Темірлан" халық театры "Өзекті өртеген өкініш" қойылымын сахналады.


Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай "Темірлан" халық театры "Өзекті өртеген өкініш" қойылымын сахналады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Айтулы шараны Ордабасы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ғ.Үсенбаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қ. Жылқыбай, "Нұр Отан" партиясы Ордабасы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Б. Жәкей ашып, қоғам дертіне айналған қылмысты болдырмауға әрбір азамат атсалысуы қажет екендігі айтылды.
"Өзекті өртеген өкініш" қойылымы қазіргі таңда жегі құрттай кеміріп, қоғамдық сипатқа салқынын түсірген келеңсіздікке бой алдырған шындықтар жайында сыр шертеді. Сұрықсыз сыбайластыққа бой алдырып, жеке өмірі ғана емес өз ортасы мен отбасының да басын қатерге тіккен жайттар саналы ғұмыр сахнасының кейіпкеріндей ел алдында орын алып, қаншама тағдыр тар қапасқа байланып, отбасы күйреп жатқаны жасырын емес. Бір күндік дүние әзәзілімен өз өміріне балта шапқан теріс пиғылдың көлеңкесі еңбек еткен орта мен еліміздің дамуына да зияны орасан. Аталған жайттар жайлы көрермен көзіне жас алдыра сахналаған аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері жас өскіндер жүрегіне де дұрыс жол мен тәрбие дәнін себе білгендей.

Қойылым режиссері - Перизат Баймаханова.
"Темірлан" халық театры бұған дейін де тәлім-тәрбиеге шақыратын көптеген қойылымдармен ел алғысына бөленіп келеді. Театрда аудандық мәдениет үйінің 25-ке жуық қызметкері еңбек етуде.

Дереккөз: Түркістан облысының Мәдениет және халық шығармашылығы орталығы