​Түркияның Ыстамбұл қаласында ОҚО-ның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

0
1 542

Бауырлас екі елдің іскер топ өкілдері мен сарапшы мамандары бас қосқан жиында қос елдің сауда-экономикалық әлеуетін арттыру мәселелері кеңінен талқыланып, екі жақ өзара тәжірибе алмасып, әріптестік байланыстарын нығайтуға уағдаласты.


​Түркияның Ыстамбұл қаласында ОҚО-ның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

ERNUR.KZ.Оңтүстік Қазақстан облысының өндірісі мен өнеркәсіп саласына шетел инвесторларын тарту мақсатында және өңірде өндірілетін өнімдерді сыртқы нарыққа шығару үшін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған оңтүстікқазақстандық делегация Түркия мемлекетінде жұмыс сапарымен болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ. ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сапары барысында аймақ басшысы іскер топ мүшелеріменбірге Түркия елінің Ыстамбұл қаласында болып, бірқатар өндіріс орындарын аралап, жетекші кәсіпорын басшыларымен кездесу өткізді.

Сонымен қатар облыс әкімі Ж.Түймебаев бастаған топ Түркия мемлекетінің бұрынғы президенті Абдулла Гүлмен кездесті. Әңгіме барысында Жансейіт Қансейітұлы екі ел арасындағы бауырластық байланыстарды нығайтудағы еңбегін жоғары бағалайтынын айтты.

Бұдан бөлек, делегация750 гектар аумақта орналасқан «Икителли» индустриалды аймағының жұмысыментанысты. Аталған аймақта шағын және орта 30 мыңнан астам кәсіпорын сәтті жұмыс істеп келеді. Оларда 300 мыңдай жұмысшы еңбек етеді. «Икителли» Түркиядағы ең үлкен индустриалды аймақ. Инвестициялық мүмкіндіктері мен өндірістік, экспорттық әлеуетімен және жұмыспен қамтуымен бұл аймақ экономиканың дамуына үлес қосып келеді. Бұл аймақ заманауи кешендегі өндіріс және сауда қалашығы болып табылады.

Бауырлас екі елдің іскер топ өкілдері мен сарапшы мамандары бас қосқан жиында қос елдің сауда-экономикалық әлеуетін арттыру мәселелері кеңінен талқыланып, екі жақ өзара тәжірибе алмасып, әріптестік байланыстарын нығайтуға уағдаласты.

Басқосуда облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен инвестициялық мүмкіндіктерін кеңінен таныстырған Жансейіт Түймебаев бүгінгі таңда Оңтүстік жерінде индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында 1 арнайы экономикалық және11 индустриалды аймақ жұмыс істеп жатқанын мәлім етті.

«Бізде индустриалды аймақ өңірдегі барлық ауданда құрылған. Онда шетелдік инвесторлар үшін барлық жағдай қарастырылған. Біз үшін өндіріс саласында Түріктің озық технологиясы мен мамандардың біліктілігін арттыру бағытындағы іс-тәжірибесі аса маңызды», - деді облыс әкімі.

Өз кезегінде түркиялық кәсіпкерлер Қазақстанның жүргізіп отырған инвестициялық саясатын оң бағалап, екіжақты қарым-қатынасты арттыру қажеттігіне назар аударды.

- Біздің өндірістік аймақта орын тепкен бірқатар кәсіпорын басшыларымен бірігіп, алдағы шілде айында Қазақстанға жұмыс сапармен баруды жоспарлап отырмыз. Оның аясында қазақстандық кәсіпкерлермен кездесіп, өзара іскерлік байланыстарды тереңдетпекпіз. Түркия мен Қазақстанның сауда-экономикалық әлеуеті өте зор. Бұл мүмкіндіктерді қос елдің іскер топ өкілдері тиімді пайдалануы тиіс деп есептеймін, - дейді Түркиядағы «Эскоп» өндірістік аймағының төрағасы Юсуф Ақгюн.

Түркия Қазақстанның саяси және экономикалық тұрғыдағы ең жақын және сенімді серіктесіне айналғанын айтқан «Бас текстиль» ЖШС директоры Талғат Ысқақов тоқыма өнеркәсібі жолға қойылған Түркия елінен үйренеріміз көп екенін және осы сапардың жемісті боларына сенім білдірді.

Жалпы Оңтүсік Қазақстан – инвесторлар үшін тартымды өңір. Мәселен мұнда еліміз бойынша жалғыз «Қазақ-түрік» индустриалды аймағы жұмыс істейді. Бүгінде аталған аймақта бауырлас елмен бірлескен құны 25 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 900 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Аталған жобалар кезең-кезеңімен 2020 жылға дейін іске қосылатын болады.

Қазақстан мен Түркия елдерінің арасындағы тауар айналым бүгінде 2 млрд АҚШ доллар шамасында болса, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 5 млрд долларға жеткізу көзделуде. Бұл жөнінде дипломатиялық байланыстың 25 жылдығы аясында қос мемлекеттің көшбасшылары өткен жылы Астана қаласында болған кездесуде айтқан болатын.

Түркия негізінен Қазақстанға текстиль, тамақ өнеркәсібі мен құрал-саймандар импорттаса, олар Қазақстанның мұнайы мен металдарына, химия өнеркәсібі өнімдеріне ерекше қызығушылық танытып отыр.