​Түлкібаста заманауи баспахана ашылды

0
2 675

Баспахана қызметкерлері мен газет ұжымы аудан басшысының қамқорлығына алғыстарын жеткізді.


​Түлкібаста заманауи баспахана ашылды

Түркістан облысы, Түлкібас аудандық «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газетінің жанынан жаңа заманға сай техникамен жабдықталған баспахана ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күрделі жөндеуден өткізілген, жаңарған редакцияның енді өз баспаханасы бар. Баспахана редакция жанындағы ғимаратқа қойылып, іші-сырты жаңаланды.

Баспахананың ресми ашылу салтанатына аудан әкімі Н.Тұрашбеков, аудандық мәслихат хатшысы С.Сейсенбаев және облысымыздың басылымдары мен телеарналардан бір топ өкілдер келіп қатысты.

Заман талабына сай жабдықталған баспаханада алғаш рет аудандық газет басылды. Баспаханада өз ісінің майталман мамандары қызмет етеді. Жиналған қауым баспахананың жұмысымен танысып, оң бағаларын берді.

Іс-шараға жиналған қауымды аудан басшысы құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Қонақтарға аудандық жерлерде алғаш ашылып отырған баспахананың мән-маңызын атап өтті.

Айтулы күні аудан әкімі Н.Тұрашбеков бір топ шығармашылық азаматтарға ауданның дамуына қосқан үлесі үшін «Түлкібас ауданына 90 жыл» медалімен марапаттады. Олардың ішінде ақындар Ә.Аралбайұлы, А.Боранбаев, «Шабыт» әдеби бірлестігінің төрағасы, ақын Е.Жүсіпбеков, аудандық «Шамшырақ» газетінің тілшілері К.Айтқұлов пен О.Көмеков бар.

Баспахана қызметкерлері мен газет ұжымы аудан басшысының қамқорлығына алғыстарын жеткізді.

Алдағы уақытта Шымкент қаласында басылып келген газет, енді редакцияның баспаханасында басылатын болады.