ТҮРКІСТАН: 1 шілдеден бастап нотариаттық құжаттар электронды нұсқада рәсімделеді

0
876

Әділет департаментінің басшысы Мұхит Тұрғараев мәлімдеді.


ТҮРКІСТАН: 1 шілдеден бастап нотариаттық құжаттар электронды нұсқада рәсімделеді

Түркістан облысында нотариаттық құжаттар электронды нұсқада рәсімделетін болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында 1 шілдеден бастап нотариаттық құжаттар электронды нұсқада рәсімделеді. Нәтижесінде нотариаттық істі жүргізу процесі жеңілдеп, азаматтардың уақыты мен қаражаты үнемделеді және құжаттардың бұрмалануына жол берілмейтін болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы Әділет департаментінің басшысы Мұхит Тұрғараев мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша заңнамалық актілерге түзетулер енгізу туралы Заңдарға қол қойды. Осыған байланысты нотариустарға мұрагерлік істің ашылғаны және өсиеттердің есепке алынғаны туралы мәліметтерді өтініш келіп түскеннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей енгізу сияқты бірқатар міндеттемелер жүктеліп отыр. Одан бөлек, бұл жаңашылдықтың тағы бір ерекшелігі - азаматтар өздері тұрып жатқан елді мекенде отырып, электронды-цифрлық қолтаңбаның көмегімен республиканың басқа жеріндегі жылжымайтын мүлкін рәсімдеу мүмкіндігіне ие болады», – деді департамент басшысы.

Жаңаша жүйеге сәйкес, әрбір нотариаттық құжатқа автоматты түрде бірегей QR-код берілетін болады. Сонымен қатар, нотариус қағаз түрінде ресімделген құжаттың электронды нұсқасын жасайды және олардың заңдылығын растайды. Сондай-ақ, жиын барысында департамент басшысы жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласына енгізілген өзгерістер де тоқталды.

«Алдағы уақытта жергілікті жерлердегі сәулет және қала құрылысы органдары жылжымайтын мүлік объектісінің бұзылғанын растайтын құжат беруге жауапты болады. Бұған дейін азаматтар өзінің тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін ескі үйінің орнына жаңасын салып, объектіні бұзу туралы құжатқа қол жеткізе алмай жататын. Нәтижесінде қайта салынған үйдің құжатын заңдастыру қиындық тудырып келді. Ендігі жерде жылжымайтын мүлік дерекқорындағы объектілер туралы мәліметтер уақтылы жаңарып, тұлғалардың салықты дер кезінде, нақты нысан үшін төлеп тұруына жол ашылады», – деді М.Тұрғараев.

Айта кетейік, 2020 жылы Түркістан облысы Әділет департаменті мемлекеттік қызметтің 13 түрі бойынша 1 130 қызмет көрсеткен. Сондай-ақ, жеке және заңды тұлғалардан 2169 өтініш пен арыз-шағым түскен.