ТҮРКІСТАН: 1000-ға жуық медициналық құрылғыны шекарадан жасырын алып өтпек болған

0
871

Заңсыз шекара асырмақ болған тесттің жалпы құны 3,6 миллион теңге.


ТҮРКІСТАН: 1000-ға жуық медициналық құрылғыны шекарадан жасырын алып өтпек болған

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында орналасқан кеден бекеті арқылы Өзбекстанға 952 дана "COVID-19" инфекциясын анықтайтын тестті жүк көлігімен жасырын алып өтпекші болған жүргізуші ұсталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қолға түскен күдікті Өзбекстан республикасының азаматы екені анықталды. Көлік жүргізушісінің айтуынша, короновирус инфекциясын анықтайтын тестті Ресей федерациясынан алып келген. Алайда кеден бекітінен өту кезінде аталған тесттерге декларация тапсырмаған. Сөйтіп 20 шілде күні Түркістан облысы прокуратурасы мен Түркістан облысы бойынша қылмыстық экономикалық департаментінің және Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерімен бірлескен жұмысшы топтың құрығына іліккен. Аталған факт бойынша уәкілетті органмен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 551-бабы 1-тармағымен әкімшілік құқық бұзушылық іс қозғалды. Декларацияланбаған тесстер тәркіленді. Сондай ақ 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

"Одан бөлек, соңғы 4 күнде жұмысшы топпен тағы да 15 дәріханада жоғары бағада сатылған дәрі-дәрмектер анықталды. Келес ауданында болса тұрғын үй жағдайында жеке тұлғамен рұқсатсыз дәрі-дәрмек сатумен және оны егумен айналысқан азамат ұсталды. Әрбір дерек бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау үшін жинақталған іс-құжаттар уәкілетті органға жолданды", - деп мәлімдеді Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.