ТҮРКІСТАН: 25-28 қараша күндері жаңбыр жауып, қалың қар түсуі мүмкін

0
750

Кей жерлерде тұман, көктайғақ болады.


ТҮРКІСТАН: 25-28 қараша күндері жаңбыр жауып, қалың қар түсуі мүмкін

Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаменті қысқы маусымда қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қалың қар мен дауылды желмен қатар келетін ауаның күрт төмендеуі нәтижесінде автокөлік жолдарында, теміржол магистралында қар құрсаулары жиі туындайды. Осыған байланысты облыс тұрғындары қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау керек. Бұл туралы Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Сонымен қатар, облыс тұрғындары мен қонақтары үшін қарлы боранда қаза болудан кепілді қорғаныстың бірнеше қарапайым ережелерін сақтау керектігіне атап өтті .

«Облыс тұрғындары мен қонақтарына ескертетініміз, егер жолда көлігіңіз сөніп қалса жағдайды бағдарлап, орналасқан жеріңіз бен елді мекенге дейінгі қашықтықты ескерген жөн. «112» нөміріне қоңырау шалып, қай жерде тұрғаныңызды хабарлау керек. Жаяу кетуге шешім қабылдасаңыз, асфальтты жолмен жүру қажет. Айта кетерлігі, қысқы мезгілде жолға шығар болсаңыз, ауа райының болжамына назар аударған дұрыс. Ең бастысы, автокөлігіңіздің доңғалағы қысқы маусымға дайын болуын және жанар-жағар майдың жеткілікті болуын ескеріп, жылы киім ала шығуды естен шығармаған абзал», - деді Ерік Темірханұлы.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан өңірлік «Қазгидромет» мекемесінің директоры Махамбет Жазықбаевтың сөзінше, биылғы қысқы кезеңде айтарлықтай аяз бен қарлы боран күтілмейді. 25 қарашада оңтүстік таулы аудандарда, ал 27 қарашада күндіз облыстың кей жерлерінде, 28 қараша күні түнде облыстың басым бөлігінде жауын-шашын жауып, таулы аймақтарда қалың қар түсуі мүмкін. Кей жерлерде тұман, көктайғақ болады.