ТҮРКІСТАН: 3 айда 46 сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталған

0
1 168

Жемқорлық қылмысымен келтірілген залалдың 502,9 млн теңгесі мемлекетке толық қайтарылды.


ТҮРКІСТАН: 3 айда 46 сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталған

Түркістан облысында соңғы үш айда бюджетті жымқыру дерегімен 32 қылмыс тіркелген. Бұл туралы бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай кезекті брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мирас Қарғабайдың айтуынша, департамент қызметкерлерінің жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде 69 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 46 қылмыс сыбайлас жемқорлыққа қатысты анықталған. Сондай-ақ, өткен жылы бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша 11 қылмыс тіркелсе, ағымдағы жылы бұл қылмыстардың саны 32-ге жеткен. Мемлекетке келтірілген залалдың жалпы құны 508,7 млн теңгені құрап, оның 502,9 млн теңгесі толығымен өндірілген.

«Агенттік мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген бюджет қаражатын ысырап ету мен жүйелі сыбайлас жемқорлық деректерін анықтау, лауазымды тұлғалар тарапынан шағын және орта кәсіпкерлік бизнесіне заңсыз араласу деректерін анықтады. Сондай-ақ, облыстық, қалалық және аудандық басшыларға қатысты және де көлеңкелі экономикаға лауазымды тұлғалар тарапынан қамқоршылық жасау деректерін әшкерелеу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда»,- деді Мирас Қарғабай.