ТҮРКІСТАН: 3 жастағы бүлдіршінді құтқарған бала марапатталды

0
596

Бұл оқиға елімізде кеңінен талқыланып, жұртшылық батыр балаға ризашылықтарын білдірді.


ТҮРКІСТАН: 3 жастағы бүлдіршінді құтқарған бала марапатталды

Жуырда Мақтааралдық оқушы суға ағып бара жатқан 3 жастағы баланы құтқарып қалған болатын, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жуырда Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Жамбыл ауылдық округінде оқушы жеткіншек суға ағып бара жатқан 3 жастағы баланы құтқарып қалған болатын. Бұл оқиға елімізде кеңінен талқыланып, жұртшылық батыр балаға ризашылықтарын білдірді. Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды батыр оқушыны қабылдап, арнайы марапаттады.


"Кішкентай баланы судан құтқарып алғаныңды ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіден көріп, сүйсіндік. Аттың үстінде үлкен жігіт сияқты көріндің. Оқушы екенсің. Осы ерлігің үшін саған және өзіңдей патриот ұлды тәрбиелеген ата-анаңа алғысымды айтамын. Жарайсың!", – деген Дархан Сатыбалды Нұркелді батырға Алғыс хат пен бағалы сыйлығын тапсырды.


Оқушының әкесі арнайы көңіл бөліп, құрмет көрсеткен өңір басшысына ризашылығын білдірді.


Айта кетейік, Қ.Үкібаев атындағы №37 жалпы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Нұркелді Нұрполат 4 наурыз күні сағат 11:30 шамасында каналда ағып бара жатқан кішкентай баланы байқаған. Нұркелді ойланбастан атынан секіріп түсіп, баланы судан алып шығады. Ес-түссіз қалған баланың аяқ-қолын қимылдатып, жасанды дем беріп, алғашқы көмек көрсеткен. Құтқарылған бала үш жарым жаста екен. Ал баланы құтқарған батыр бала Нұркелді Нұрполат 2008 жылы, 1 желтоқсанда Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. Мектепте үлгілі тәртібімен, үздік оқуымен ерекшеленеді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Футбол үйірмесіне қатысып, түрлі деңгейдегі жарыстарда көзге түсіп жүр. Отбасындағы үш ұл, үш қыздың ішіндегі екінші перзенті.