ТҮРКІСТАН: 5 адамның өліміне қатысы бар басшыларға үкім шықты

0
761

Тергеу шамамен жеті айға созылды.


ТҮРКІСТАН: 5 адамның өліміне қатысы бар басшыларға үкім шықты

Түркістан қаласында 5 адамның өліміне қатысы бар екі ЖШС-ның директоры 4 жылға бас бостандықтарынан айырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Еске сала кетейік, өткен жылдың ақпан айында улы газбен улану салдарынан түркістандық әйел мен оның кәмелетке толмаған төрт баласы қаза тапқан болатын. Аталған жайт облыста белгілі бір резонанс тудырып, Түркістан облыстық Полиция департаментінің тергеушілері қылмыстық істі өз өндірісіне қабылдаған. Осы қылмыстық іс бойынша облыстық департаменттің тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрмахан Жалғасов егжей-тегжейлі айтып берді.


"Бұл іс басталған уақыттың өзінде бірден облыс пен полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында болды. Бір түнде бүтін бір отбасы қайтыс болды. Ең кіші бала 4 жаста еді. Тек отағасы аман қалды. Себебі ол сол кезде Шымкентте емделіп жатқан. Болашақта мұндай қайғылы жағдайдың алдын алу үшін біз іс бойынша мұқият жұмыс істей бастадық. ҚР ҚК 306-бабы 3-бөлігі "абайсызда адам өліміне әкеп соққан, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастадық. Бірден сот-технологиялық сараптамасын тағайындадық. Нәтижесінде мамандар газ желілерін орнату және монтаждау 4.03-01-2011 ж. ҚР құрылыс нормаларына сәйкес келмейді деген қорытынды шығарды. Яғни, газ жабдықтарын орнату кезінде жауапты мамандар бірқатар қателіктер жіберген, ең бастысы тұтынушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген, ал бұл адам өліміне әкелді. Атқарылған нақты және тиянақты жұмыстардың нәтижесінде, өткен жылдың мамыр және сәуір айларында сот компаниялардың екі директорын қамауға алуға рұқсат берді. Тергеу шамамен жеті айға созылды. Осы уақыт ішінде біз түрлі сараптамалар жүргізіп, дәлелдер жинадық. Нәтижесінде айыптау актісі бар іс сотқа жолданды. Айтпақшы, алдағы уақытта біз азаматтардың қауіпсіздігін тиісті түрде қамтамасыз етпейтін газ желілерін орнату және монтаждау кезінде өрескел немқұрайдылыққа жол беретін жауапты адамдарды жауапкершілікке тартуға бекініп отырмыз. Себебі жылыту маусымы кезінде адамдар қайтыс болып жататыны ешкімге құпия емес, тіпті кейбір жағдайларда бүтін бір отбасын жалмап кетеді", - дейді тергеу басқармасының бастығы Нұрмахан Жалғасов.


Сонымен, 2021 жылдың желтоқсанында Түркістан қаласының соты өз үкімін шығарды. Үкімге сәйкес, екі бірдей газ компаниясының директорлары 4 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Үкім заңды күшіне енгенімен, сотталғандар аппеляцияға беруге құқылы.