ТҮРКІСТАН: 6 айда 400-ге жуық мас жүргізуші ұсталған

0
631

7 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылып,15 тәулік қамауда болады.


ТҮРКІСТАН: 6 айда 400-ге жуық мас жүргізуші ұсталған

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысы полицейлері жыл басынан бері 387 мас халде көлік басқарған жүргізушілерді анықтаған, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды өткізіп келе жатыр. Оның ішінде масаң күйде көлік басқару жайтын болдырмауды қатаң бақылауға алып, жыл басынан бері 387 жүргізушіні құрықтаған. Осы тұста Келес АПБ Жергілікті полиция қызметінің Патрульдік полиция тобы қызмет инспекторлары мен Әкімшілік практика тобының инспекторлары бірлесіп атқарған жұмыстары нәтижесінде маусым айында мас халде көлік басқарудың 4 дерегі анықталғанын атап өтсек болады.

Мәселен, аталмыш полиция қызметкерлері күнделікті көшелерді парульдеу кезінде Жібек жолы-Жетісай тас жолы бойында өзінің «Ауди-100» маркалы көлігімен қарсы бағытта келе жатып жүк көлігіне соқтығысып, материалдық шығын келтірген жүргізушіні анықтайды. Тексеру барысында жол-апаты жеңіл көлік жүргізушісінің ЖҚЕ бұзуы мен мас халде көлік басқаруы салдарынан орын алғаны белгілі болған. Аталған жайт ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігімен тіркеліп, жинақталған іс құжаттары сотқа жолданды.

Қалған 3 жайт ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» 1-бөлігімен тіркеліп, әкімшілік хаттама толтырылған. Яғни бұл заңнамаға сәйкес көлік жүргізушілері 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып және 15 тәулікке қамауға алынады. Осылайша өңірдің тәртіп сақшылары жолда жүру ережелерін бұзушыларды анықтап қана қоймай, түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды белсенді жүргізіп жатыр.

Айта кетсек, 2020 жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мас халде көлік жүргізген жүргізушілерге байланысты талаптарды күшейтетін заңға қол қойған еді.