ТҮРКІСТАН: Ағын су мәселесі шешілді

0
1 017

905 агроқұрылым жалпы 4 731 гектар суармалы жерді пайдаланып отыр.


ТҮРКІСТАН: Ағын су мәселесі шешілді

Ордабасы ауданындағы ағын су мәселесі шешімін тапты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы ағын су бірнеше жылдан бері әсіресе, жаз айларында егістік жерлерге су жеткізу бойынша өзекті мәселе болып отырған. Осы проблемманы түбегейлі шешу үшін Бадам өзеніне бөгет қойылып, ұзындығы 4,2 шақырым жаңа канал қазылды және «Қараспан магистралды» каналына су жіберу арқылы 2 664 га жерге су жеткізу мәселесі шешілді.

Нәтижесінде Бейсен, Жаңатұрмыс, Ақжол, Мақташы, Сарыарық, Жұлдыз Ынтымақ, Мәдениет, Семхоз елді мекендерінде егістік жерді сумен қамтамасыз етуі жақсарып, ауыл шаруашылығы өнімі артатын болады.

Қараспан ауыл округіне тоқталар болсақ, ондағы 905 агроқұрылым жалпы 4 731 гектар суармалы жерді пайдалануда. Оның ішінде «Қараспан магистралды» каналы арқылы жалпы ұзындығы 80 шақырымды құрайтын 17 ішкі каналдармен ауыл шаруашылығындағы 4 258 гектар суармалы жер суарылады. Қалған 473 гектары Қажымұхан ауыл округіне қарасты «Құртай» каналы арқылы және насостар арқылы суғарылады.

Қазіргі таңда аудан бойынша 871 шақырымды құрайтын 85 канал арқылы 33 131 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы суармалы жер игеріледі.

Оның ішінде:

- Республикалық меншікте 153 шақырымды құрайтын 14 канал, суармалы жер көлемі 6 357 га;

- Облыстық меншікте 459,7 шақырымды құрайтын 45 канал, суармалы жер көлемі 19 202 га;

- Ауыл округтерінің меншігінде 109,3 шақырымды құрайтын 17 канал, суармалы жер көлемі 2 488 га;

- Жеке меншікте 149 шақырымды құрайтын 9 канал, суармалы жер көлемі 5 084 га.