ТҮРКІСТАН: Әкімдік көліктері дәрігерлерге берілді

0
723

"Регион" және "Келес" таксопаркінің көліктері де ерікті түрде дәрігерлерге көмектесіп жатыр.


ТҮРКІСТАН: Әкімдік көліктері дәрігерлерге берілді

Әкімдік көліктері медицина қызметкерлерінің қолданысына берілді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы Келес ауданы әкімдігіне қарасты дербес бөлім басшылары мен ауыл, ауылдық округтің әкімдері өздерінің қызметтік көліктерін аудандық аурухананың қолданысына берді.

Елімізді есеңгіреткен қатерлі індетті ауыздықтау мақсатында дәрігерлердің жұмысын жеңілдету үшін әкімдіктің қызметтік көліктері аудан аумағындағы елді мекендерге бекітілген учаскелік медицина саласының қызметкерлерін, тұрғындардың үйіне баруын қамтамасыз ету барысында қызмет атқаратын болады.

Одан бөлек аудандағы такси қызметін атқаратын "Регион" және "Келес" таксопаркінің көліктері де ерікті түрде дәрігерлерге көмектесіп жатыр.

Айта кетейік, бүгінгі таңда облыс көлемінде коронавирус және өкпе қабынуы ауруларымен күрес толассыз жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, аталған аурудың таралуының алдын алу үшін аудан, қала әкімдіктерінен арнайы мониторингтік топтар құрылып, карантин талаптарының қатаң сақталуын бақылауда. Оған қоса, облыстағы кәсіпкерлер мен еріктілер қаржы жинап, қажетті медициналық препараттар сыйлап жатыр. Нәтижесінде қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтала бастағаны анықталып отыр.