ТҮРКІСТАН: Алғашқы заманауи тірек мектеп Отырар ауданында ашылды

0
680

Басқарма басшысы жаңартылған білім ордасын толықтай аралап, материалдық-техникалық базасымен танысты.


ТҮРКІСТАН: Алғашқы заманауи тірек мектеп Отырар ауданында ашылды

Түркістан облысында алғашқы заманауи тірек мектебі Отырар ауданында ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Отырар ауданындағы Ө.Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернаты «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы аясында заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтылып, оқу бөлмелері жаңартылды. Бұл игі іс «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» мен «Қазақстан халқына» қоры және Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының қолдауымен жүзеге асып отыр.


Бүгін Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы Отырар ауданына арнайы жұмыс сапарымен барды. Іссапар барысында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатында болды. Басқарма басшысы жаңартылған білім ордасын толықтай аралап, материалдық-техникалық базасымен танысты.


«Түркістан облысының білім сапасын көтерген жағдайда жалпы Қазақстанның білім сапасы биікке көтерілмек. Себебі әрбір бесінші бала Түркістан облысында дүниеге келеді. Қазақстанға немесе шет елге шығып, елімізді танытатын да – осы жас ұрпақтарымыз. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибемен бөлісуі – біз үшін өте маңызды. Кез-келген жабдықты орнатуға болады, бірақ бұл әріптестіктің орны айрықша. Тірек мектептерге жалпы бірге жұмыс істеу, балаларға бағыт-бағдар беру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, директорларға осы мектептерді басқарудың жаңа тетіктерін үйрету сияқты іс-шаралар атқарылады. Өңірімізде дәл осындай тірек мектептерінің қатары көбейе бермек. Бұл –алғашқысы. Ары қарай да бізге қолдау білдірген серіктестермен іскерлік қатынастарымыз нығая түспек», – деді Дінислам Болатханұлы.


Жобаның мақсаты – еліміздегі ең үздік мектептермен тығыз серіктестік орнатып, ауыл мектептерінің тиімділігін арттыру. Сондай-ақ кәсіби білім беру саласында тең жағдай жасау арқылы қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға көмектесу, педагогтардың кәсіби шеберлігі мен шығармашылығын шыңдау.


Қазіргі таңда білім ұясында 18 кабинетке интерактивті LED панельдер орнатылған. Барлық сыныптарда мұғалім мен оқушылардың үстелдері мен орындықтары жаңартылды. Химия, биология, физика, география, екі IT кабинеттері қажетті құрылғыларымен толықтырылып, замануи үлгідегі стандарттармен жабдықталған. Бұдан бөлек, ұлдар және қыздар шеберханасы, кітапхана, STEM кабинеті, информатика, орыс тілі мен ағылшын тілі сыныбы да толықтай күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар ART студия ашылып, сурет алу, домбыра үйірмелері іске қосылған. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында шахмат, тоғызқұмалақтан қосымша спорттық үйірмелерр құрылды.


Айта кетейік, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернаты 1978 жылы қолданысқа берілген. Қазіргі таңда 1000-ға жуық оқушыға 100-ден аса мұғалім дәріс береді.