ТҮРКІСТАН: Арыс әкімі ардагерлермен кеңес өткізді

0
585

Ардагерлер мәселелерді шешу бойынша ұсыныстарын айтты.


ТҮРКІСТАН: Арыс әкімі ардагерлермен кеңес өткізді

Арыс қаласының әкімі Г.Құрманбекованың төрағалығымен «Қарттарын қадірлеген – ел ардақты» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Аталған жиынға қала әкімі аппаратының басшысы Т.Анашбеков, ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы А.Манапов, әкімшілік бөлімінің басшысы Ә.Әділбеков, ішкі саясат бөлімінің басшысы Д.Егізбаев, «Қолғабыс» ҚБ-нің төрағасы С.Мұсабеков, ауылдық округ әкімдері мен қала ардагерлері қатысты.

Күн тәртібінде ардагерлердің тыныс-тіршілігімен, проблемалық мәселелерімен танысып, оларды шешу мақсатында жұмыс жүргізу мәселесі талқыланды. Алқалы жиында сөз сөйлеген қала әкімі Г.Құрманбекова ардагерлермен кездесудің маңыздылығын айта келе, қала әкімдігі жанынан арнайы Call-орталық іске қосылғандығын, осы орталыққа ардагерлердің қала аумағында қандай да бір проблемалық мәселелерін айтып, жеткізу мүмкіндігі бар екендігін, көтерілген мәселелердің қараусыз қалмай, қала әкімі орынбасарлары тарапынан бақылауға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетіндігін, күнделікті қадағалауда тұрғандығын атап өтті. Жиын барысында ардагерлердің ұсыныс, пікірлері тыңдалып, тиісті шешім қабылдау үшін хаттамалық тапсырмаға енгізілді.


Мәселен, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Исламбеков ауылдық округ әкімдерінің билер алқасы мен бастауыш ардагерлер ұйымдарының жетекшілерімен бірлесе отырып ауыл мәселелері бойынша бірлесе жұмыс жасауды ұсынса, «Стадион» және «Оңтүстік» тұрғын ауданының биі Т.Шілманов қаламыздағы көше атауларының карталарын жасауды, сондай-ақ қаламызда орналасқан №2 мектеп жанындағы жыраның тазалығын қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Мәселелерді мұқият тыңдаған қала басшысы Г.Құрманбекова тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар беріп, бақылауға алуды тапсырды.


Ал, «Отан» Ауғаныстандағы соғыс ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Е.Көшкінбаев, Қажылар қауымдастығының төрағасы Ә.Тәңірберген қала тұрғындарының үйіне табиғи газ кіргізу мәселесі бойынша БАҚ-та үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы сөз қозғады. Қала әкімі бұл мәселе өзінің жеке бақылауында екенін айта келе, теледидар мен газеттерде, әлеуметтік желілерде тұрғындарға газ кіргізу мәселесі туралы жаппай үгіт-насихат жұмыстары (сұхбат, брифинг т.б) жүргізіліп, бейнероликтер көрсетілуін тиісті бөлім басшыларына тапсырды.