ТҮРКІСТАН: «Ауыл – ел бесігі» жобасы тиісті деңгейде жүзеге асып келеді

0
1 836

Облыста ауылдық жерлерде тиімді еңбек ету идеологиясын орнықтыру мен ілгерілетуді көздейтін «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының іс-шаралар кешені жоспарлануда.


 ТҮРКІСТАН: «Ауыл – ел бесігі» жобасы тиісті деңгейде жүзеге асып келеді

Бүгін Қазақстан Республикасы Үкіметінің селекторлық отырысы өтті. Жиында күн тәртібіндегі «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасының орындалуы және ерекше қорғалатын аумақтарда туризмді дамыту, жан жануарлар дүниесін қорғау мәселелері қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Басқосуда ҚР Премьер-министрі Б.Сағынтаев салаға жауапты министрлер мен облыс басшыларының баяндамаларын тыңдады. Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеме жасады.

«Ауыл-ел бесігі» жобасы негізінде облыста «Әр ауылға өз шебері» бағдарламасы жасалды. Нәтижесінде ауыл аймақтардан сантехник, тігінші, шебер, шаштараз секілді 15 түрлі маман дайындалды. Олардың барлығын ақысыз негізде оқытып, халыққа қызмет ету жолдарын үйреттік. Бұл жұмыссыздықты азайту және жастарды еңбекке баулу бағытындағы нәтижелі бастама болып отыр. Сондай-ақ, 800 адамға дейінгі елдімекендерге былтырғы жылы 62 медициналық пункт салынды. Онда да 4-5 маман жұмыс істейді. Алдағы уақытта егінші, мал шаруашылығы, қолөнер сынды мамандықтар бойынша оқытып шығуды жоспарлап отырмыз. Себебі, қазіргі кезде аталған салаларға деген сұраныс жоғары», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Облыста Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен сапасын арттыру» атты Жолдауындағы, «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы шеңберінде ауылдық жерлерде тиімді еңбек ету идеологиясын орнықтыру мен ілгерілетуді көздейтін «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының іс-шаралар кешені жоспарлануда. Онда ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалану, шығармашылық әлеуетін қолдауға және дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін өткізу, елдімекендердегі әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымын дамытуға жағдайлар жасау, ағартушылық, ақпараттық және білім беру жұмыстары және ауылдың тұрмыстық ахуалын көтеру бағытындағы шаралар қарастырылуда.

Жиынды соңында Үкімет басшысы барлық облыс басшыларына бағдарламада көрсетілген тапсырмаларды тиісті деңгейде, мерзімінде орындауды жүктеді.

Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі