​ТҮРКІСТАН: Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келді

0
1 459

Мақтаарал ауданы мақта терімнің науқан аяқталғанша 100 мың тоннаға жуық ақ ұлпа жинап алуды көздеп отыр.


​ТҮРКІСТАН: Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келді

Мақтаарал ауданына Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен келіп, мақта шаруашылығы саласының жай-күйімен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ең алдымен басшылар Мақтаарал ауылдық округі, "Ақ алтын" елді мекеніндегі "АШМ сервис-орталығы" өндірістік кооперативінде болды. Қожалық басшысы Нұрлан Нұрбеков биыл жалпы саны 503,08 гектар жерге егін еккен. Оның 421,08 гектары мақталық алқап. 43 адамды жұмыспен қамтып отырған кооперативтің техникамен қамтылуы өте жақсы. Атап айтқанда, кооператив иелігіндегі 20 дана "Джон-Дир" комбайны, 2 дана "Джон-Дир" тракторы, 16 басқа да тракторлар мен техникалар аудан көлемінде мақта терім науқанының сәтті аяқталуына үлкен үлес қосып келеді.

Жалпы Мақтаарал ауданында биыл 38 мың гектардан аса жерге мақта шиті себілген. Былтыр ауа-райының қолайсыздығы мен мақта зиянкестерінің көп болуына қарамастан, ақ алтыннан 96 мың тонна өнім жиналған еді. Орташа өнімділік 25 центнерге әрең жеткен болатын. Ал, биыл бұл межеден асамыз деген жоспарын аудан әкімінің орынбасары Сәкен Сұлтанханов жасырмады.

Бүгінде аудандағы мақта қабылдау бекеттеріне 96 мың тоннадан астам ақ алтын келіп түскен. Қазір бірінші терім аяқталып, екінші терім жүріп жатыр. Жалпы науқан аяқталғанша 100 мың тоннаға жуық ақ ұлпа жинап алу көзделуде.

Мақта шаруашылығындағы негізгі мәселе - "ақ алтынның" бағасы. Бүгінгі таңда Мақтаарал ауданындағы зауыттар мақтаның тоннасына 100 мың теңгеден аванс беріп жатыр, алайда әлі күнге дейін нақты баға бекітпеген. Министр мен облыс әкімі дәл осы мәселені шешу үшін Атакент кентіндегі Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында жиын өткізіп, мақта зауыттарының басшылары және шаруалармен кездесті.

Жиын барысындамақтаны экспорттаудағы қиындықтар, бағаның төмендеуіне алып келетін себеп-салдарлар, мақта өнімділігін арттырудағы кемшіліктер сияқты мәселелердің баршасы талқыланды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Кесікбайұлы мақта зауыттарын аз пайызбен кредиттендіру, салықтан босату және шаруаларды субсидиялау мәселелерін шешуге ықпал жасайтынын айтып, ҚР-ның "Мақта саласын дамыту туралы" заңын қайта қарайтынын атап өтті. Ал, зауыт басшылары мақта бағасын бекіту үшін 3 күн мерзім беруін сұрап, жақсы жаңалықпен сүйіншілейтіндерін тілге тиек етті.