ТҮРКІСТАН: Ауылдағы стадион жаңаша кейіпке енеді

0
1 209

Жергілікті 75 азамат жұмыспен қамтылып отыр.


ТҮРКІСТАН: Ауылдағы стадион жаңаша кейіпке енеді

Келес ауданындағы стадион жөндеуден өтіп жатыр, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Елді әлемге танытар екі саланың бірі – спорт. Аталған саланың нәтиже беруіне жас ұрпаққа берілер тәрбие және мүмкіндіктің рөлі орасан. Бүгінгі таңда Келес ауданынада жас жеткіншектердің спортпен айналысуына бірқатар ілкімді істер атқарылуда. Соның бірі Ұшқын ауылдық округіндегі Стадионның ағымдағы жөндеуден өткізілуі. Құрылыс жұмыстары «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бағдарламаның басты мақсаты – аудан тұрғындарын жұмыспен қамту болып табылады.

Осыған орай Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев аталған стадиондағы құрылыстың барысымен танысты.

«Көріп тұрмын, жұмыстың легі қарқынды жүруде. Дегенмен тездетіп бітіреміз деп жасалып жатқан дүниенің сапасы кетпесін, қаржы бөлінгеннен кейін сапалы, іске асатын дүние шығу керек. Сіздердің алдарыңызда бір-ақ мақсат – жұмыстарыңыз халықтың көңілінен шығатын, игілігне жарайтын дүние жасауларыңыз керек», - дейді аудан әкімі мердігер мекеме өкілдеріне.

Сондай-ақ, құрылыспен танысу барысында аудан әкімі түнгі уақытта жанатын жарықтың болуы, жарысқа қатысушы немесе шұғылданатын тұрғындарға патриоттық рух беретін спортқа қатысты көрнекілік баннерлерді орнатуын қадағалуды ауыл әкімі Ғ.Байдосовқа тапсырды. Құрылысты жүргізіп жатқан жергілікті кәсіпкер «БАЕс құрылыс» ЖШС. Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталып, тамыздың соңына аяқталуы жоспарланған.

Естеріңізге сала кетейік, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Келес ауданында 3 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жергілікті 75 азамат жұмыспен қамтылған.