ТҮРКІСТАН: Автокөліктен 9,5 миллион теңгенің мүлкін ұрлап кеткен күдікті ұсталды

0
1 167

Сарыағаш ауданында әккі ұрылар көлік ішіндегі қаражат пен қымбат заттарды үптеп кеткен.


ТҮРКІСТАН: Автокөліктен 9,5 миллион теңгенің мүлкін ұрлап кеткен күдікті ұсталды

Иллюстрияциялық фото: Ғаламтордағы ашық дереккөзінен

Түркістан облысында тәртіп сақшылары автокөліктен бөтеннің мүлкін ұрлаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Өткен жылы күз мезгілінде Сарыағаш ауданының тұрғыны автокөлігінен белгісіз тұлғалар қомақты қаражатын, сағатын және құжаттарын ұрлап әкеткендігі туралы полицияға шағымданған. Жәбірленушінің өзі көрсеткендей, келтірілген шығынның жалпы сомасы 9,5 миллион теңгеден асады. Болған жайт, Сарыағаш АПБ ҚР ҚК 188-бабы «ұрлық» бойынша СДТБТ тіркеліп,
Қылмысты ашу мақсатында жедел топ құрылған. Полицейлер жедел-тергеу шарасымен автокөлік ұрысын құрықтауға қызу кірісті. Сарыағаш АПБ жедел уәкілдерінің із кесуі нәтижесінде бөтеннің мүлкіне қол салған күдіктінің біреуі қолға түскен. Ал қылмысқа қатысқан ұрылардың екіншісі іздестіру іс-шарасы барысында бір ай ішінде ұсталған.
Екінші күдіктінің Шымкент қаласының тұрғыны екендігі анықталған. Оның бұрын да осындай қылмысқа барып, көліктен 200 мың теңгеге жуық ақшаны қолды еткені де белгілі болған. Күдікті автокөлік терезесін сындырып, бағалы заттар мен ақшаларды алып, жасырынған. Полицейлер ұрланған мүлік бөлігін алып, заңды иесіне қайтарды.
Сотқа дейінгі тергеу материалдары бөтеннің мүлкін ұрлау жайты бойынша айыптау актісімен бірге сотқа жолданды.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері автокөліктерін және басқа да мүліктерін қараусыз қалдырмауды, көлік есігі мен терезелерін ашық қалдырмай, құлыптарын кілтпен бекітіп жүруді ескертеді. Автокөлікті көрінетін және қолайлы жерге немесе арнайы автотұраққа қоюларын, сондай-ақ, машинада ақша, кұжат және басқа да құнды заттарын қалдырмауын еске салады. Мүмкіндігінше ұрыларға қарсы тұру үшін дыбыстық қорғау дабылқаққышын орнату қажет.
Егер сіз қылмыс құрбаны немесе куәгері болсаңыз, қылмыскерлерді ізін суытпай құрықтау үшін, тез арада полицияның 102 телефонына хабарласыңыз"-деп хабарлайды Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.