ТҮРКІСТАН: Азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктері белгіленді

0
1 425

1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.


ТҮРКІСТАН: Азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктері белгіленді

Дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктері белгіленді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Әкімшілік рәсімдік – процестік кодекс 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі. Құқықтық жүйеге арналған жаңа құжат туралы Түркістан облысы Әділет департаментінің бөлім басшысы Негина Қылышпаева түсіндірді.

Маманның мәлімдеуінше, құжат әкімшілік рәсімдерге, оның ішінде мемлекеттік органдардың ведомствоішілік қызметін ұйымдастыруға, сондай-ақ мемлекеттік басқару саласындағы дауларды шешу бойынша әкімшілік сот ісін жүргізуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу үшін қажет.

Кодекстің негізгі мақсаттары – азаматтарға басқарушылық шешімдер қабылдау процесіне нақты қатысуға мүмкіндік беретін жиынтығын бекіту, әкімшілік органның жоғары тұрған органында және сотта дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін белгілеу.

«Қазіргі уақытта жария-құқықтық дауларда азаматтар тең емес жағдайда. Олардың мүмкіндіктері мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді»,- деп атап өтті Мемлекет басшысы халыққа жолдауында. Маман осылайша Президент өз сөзінде әкімшілік Әділет енгізу қажеттігін айтқанын алға тартты. Және осы міндеттерді шешу үшін Әділет министрлігі мен ҚР Жоғарғы Соты АПБК жобасын әзірледі.

«Кодекс азаматтардың басқарушылық шешімдер қабылдау процесіне белсенді қатысуына мүмкіндік беретін кепілдіктер жиынтығын бекітеді. Ол сондай - ақ дауларды жоғары тұрған органдар мен сот органдары қараған кезде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін белгілейді», - деді Н.Қылышпаева.

Айтуынша, «Әкімшілік орган» және «Әкімшілік акт» халықаралық стандарттың әкімшілік рәсімін белгілеуде шешуші рөл атқаратын болады. Кодекс халықаралық стандарттарға сәйкес әкімшілік әділетті енгізеді. Оған сәйкес, әкімшілік рәсім – мемлекеттік органның, лауазымды тұлғаның әкімшілік істі қарау, ол бойынша шешім қабылдау және орындау жөніндегі қызметі. Қызмет өтініш негізінде немесе өз бастамасы бойынша, сондай-ақ жеңілдетілген әкімшілік рәсім ретінде жүзеге асырылады.