ТҮРКІСТАН: Бәйдібекте жаңа кітапхана мен саябақ бой көтереді

0
1 504

Бәйдібек ата ауылында «Тағзым» саябағы салынып, ауыл ішіндегі бірнеше автомобиль жолдары қайта жөндеуден өтпекші. Сондай-ақ, аудан орталығы Шаянда Орталық саябақ абаттандырылып, жаңа кітапхана бой көтеретін болады.


ТҮРКІСТАН: Бәйдібекте жаңа кітапхана мен саябақ бой көтереді

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы іссапармен Бәйдібек ауданына барды - деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ең алдымен Бәйдібек ата елдімекеніндегі Мәдениет үйінде аймақ басшысы жергілікті тұрғындармен кездесті.

Жиында аудан әкімі Бақытбек Танагөзов «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында өңірде атқарылатын жұмыстармен таныстырды. Бағдарлама аясында аудандағы Бәйдібек ата ауылында «Тағзым» саябағы салынып, ауыл ішіндегі бірнеше автомобиль жолдары қайта жөндеуден өтетіні баяндалды. Сондай-ақ, аудан орталығы Шаянда Орталық саябақ абаттандырылып, жаңа кітапхана бой көтеретін болады.
Сонымен қатар, жиында облыс әкімі ауыл тұрғындарының өтініштері бойынша жаңа стационарлық орталықтың құрылысы мен Бәйдібек баба-Домалақ ана жолын қайта жөндеуден өткізу қажеттігін тапсырды.
Сапар барысында облыс басшысы Ақбастау ауылдық округі аумағындағы Біріккен Араб Әмірлігінің құс өсіру орталығымен танысты. Құрылыс жұмыстарын бастағалы бері ауданға 68 млрд. теңге инвестиция құйылған. Онда қазіргі таңда 400-ге жуық адам жұмыс істейді. Халықаралық қордың мақсаты – дуадақ құсын қорғау және олардың санын көбейту. Соңғы екі жылда 800-ден астам дуадақ еркіндікке жіберілген.
Мұнан соң Өмірзақ Естайұлы «Бердібай» шаруа қожалығындағы мал бордақылау алаңынына аялдады. 2005 жылы құрылған шаруашылық бүгінде асылтұқымды мал басын арттырумен айналысып отыр. Облыс әкімі қожалық иесіне мал басын көбейтуді тапсырса, ал, аудан әкімдігіне қожалыққа қажетті су, электр мәселесін шешуді жүктеді.
Ұлы Жеңістің 74 жылдығының мерекесіне орай, облыс әкімі Шаян ауылының тұрғыны «Ұлы Отан» соғыс ардагері, облыстың «Құрметті азаматы» Бейсенбек Игісінұлының шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады. Ол 1942 жылы қыркүйек айында Кеңес әскері қатарына шақырылып, Калинин, Балтық теңізі, Кенисберг бағыттарындағы майдандарға қатысқан. Соғыста көрсеткен ерліктері жоғары бағаланып орден, медальдармен марапатталған. Ардагер ұл-қыздарынан тараған 14 немере мен 7 шөбере тәрбиелеп отыр.
Сондай-ақ, облыс әкімі Шаян ауылындағы жабық теннис корты мен жабық жүзу кешеніне ат басын бұрып, ондағы ашық спорт алаңшаларымен танысты. Жабық теннис кортында спортшыларға барлық жағдай жасалған. Бассейнде бір ауысымда 32 адам жүзу спортымен машықтана алады. Сонымен қатар, спорттың волейбол, баскетбол, футбол, теннис түрлері мен спорт залдарына арналған ашық алаңшалар бар. Өңір басшысы салауатты өмір салтын ұстануда спорттың рөлі зор екенін айтып, өңірлерде спорттық кешендерді көбейтуді тапсырды.