Түркістан боксшылары «Elorda Cup-2022» халықаралық турнирінде 3 алтын жүлде олжалады

0
822

Астана төріне 10 елден барлығы 250-ден астам былғары қолғап шебері жиналды.


Түркістан боксшылары «Elorda Cup-2022» халықаралық турнирінде 3 алтын жүлде олжалады

Нұр-Сұлтан қаласында бокстан «Elorda Cup-2022» халықаралық турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ерлер арасында 13 салмақ, әйелдер арасында 12 салмақ дәрежесінде жеңімпаздар анықталды. Астана төріне 10 елден барлығы 250-ден астам былғары қолғап шебері жиналды.

Финалға жолдама алғандардың ішінде Әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және Олимпиада ойындарының қатысушылары да көп еді. Турнирде ерлер арасында Түркістан облысының боксшылары да тамаша нәтижеге қол жеткізді.

Токио Олимпиадасының жүлдегері, әлем чемпионы, Сәкен Бибосынов «Турнирдің ең үздік боксшысы» атанды. Ол барлық барлық қарсыласын айқын жеңіп, жоғары шеберлігін көрсетті. Түркістан өңірінің тағы бір жұдырықты жігіт Мұхамедсабыр Базарбайұлы өз салмағында жеңімпаз атанып, алтыннан алқа тақты. 86 келіде бақ сынаған Абзал Құттыбековке тең келер қарсылас болмады. Ол барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, жеңімпаз атанды. 92 келіде жұдырықтасқан Тоғамбай Сағындық күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар +92 келіде түркістандық Нұрлан Сапарбай қола жүлдегер атанды.
Осылайша Түркістан облысының спортшылары ұлттық құрама қоржынын толтыруға қомақты үлес қосты. Осындай тартысты додаға боксшыларды жоғары дәрежеде дайындаған Мырзағали Айтжановтың еңбегін атап өту керек.