ТҮРКІСТАН: Болат Өтемұратов қоры мақтааралдықтарға 10 үй сыйлады

0
510

Үйлер Мырзакент кентінің жаңа мөлтек ауданында орналасқан.


ТҮРКІСТАН: Болат Өтемұратов қоры мақтааралдықтарға 10 үй сыйлады

Болат Өтемұратовтың қоры мақтааралдықтарға 10 үй тарту етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Кәсіпкер-меценат, мемлекет және қоғам қайраткері Болат Өтемұратовтың қоры мақтааралдықтарға 10 үйді сыйға берді. Бүгін аудан әкімі Бақыт Асанов баспаналы болған отбасыларды қуанышымен құттықтап, үйлердің кілттерін табыстады.


"Әрбір отандасымыздың баспаналы болғанын көру – мен үшін үлкен қуаныш. Бүгін Болат Өтемұратов қорының атынан сіздерге баспана кілттерін табыстап отырмыз. Бұл үйлердің барлығы да жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатындағы кезекте тұрған азаматтарға берілді. Сондықтан жаңа шаңырақта өсіп-өніп, бақытты өмір сүрулеріңізге тілектеспін!", - деді Бақыт Насырханұлы.


Аталған үйлер Мырзакент кентінің жаңа мөлтек ауданында орналасқан. Былтыр Мақтаарал ауданындағы топан судан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін алғашқылардың бірі болып Болат Өтемұратов қоры 6 миллион АҚШ долларын бөліп, апат салдарынан баспанасыз қалған 150 отбасыға үй салып берген болатын. Міне, сол үйлерден артылғандары үй кезегінде тұрғандарға беріліп отыр.


Бұған дейін дәл осы Мырзакенттің жаңа мөлтек ауданынан құрылысы аяқталған 16 тұрғын үй кезекте тұрған азаматтарға коммуналдық арендалық негізде берілген еді. Бұдан бөлек, 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген 417,9 миллион теңгеге аудан аумағындағы көпбалалы аз қамтылған және тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға 50 үй берілді. Осылайша биылдың өзінде 76 мақтааралдық отбасы мемлекеттік бағдарламалар арқылы және жеке қорлардың есебінен баспаналы болып отыр.


Айта кетейік, аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен Мырзакент кентіндегі жаңа мөлтек аудан аумағынан 1,8 миллирд теңгеге 3 қабатты 36 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қаржы бөлдіруге ұсынылған.