ТҮРКІСТАН: Дзюдодан ересектер арасында облыс чемпионаты өтті

0
501

100-ден аса талантты балуан күш сынасты.


ТҮРКІСТАН: Дзюдодан ересектер арасында облыс чемпионаты өтті

Түркістан қаласында дзюдодан ересектер арасында облыс чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы Балуан Шолақ спорт кешенінде дзюдодан ересектер арасында облыс чемпионаты аяқталды. Париж Олимпиада ойындары қарсаңында дзюдодан өткен дода талай балуанның шеберліктерін шыңдады. Жарыстың ашылу салтанатына арнайы қатысқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айдос Қалтаев пен Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сарсенбаев балуандарға сәттілік тіледі. Түркістан мен Кентау қалалары және Шардара, Бәйдібек, Сарыағаш, Отырар аудандарының 100-ден аса талантты балуаны күш сынасып, шеберліктерін көрсетті.


48 келіде сарыағаштық Айман Ибрагимова топ жарды. 60 келіде бағын сынаған Шадияр Ташбулатов жеңімпаз атанды. Татамиде 66 келі салмақта өнер көрсеткен Сәуірбай Амангелді алтын медаль иеленсе, 73 келі салмақта күрескен Бексұлтан Құлмырза да жеңістің шыңын бағындырды. 81 келіде бағы жанған Бексұлтан Тұрарбек пен 90 келіде өнер көрсеткен Еркеғали Қуандық та жеңімпаз атанды. 100 келіде белдескен Ернат Тұрсынбай мен +100 келіде мықтылығын көрсеткен Алмас Бекарыс та облыс чемпионатының жеңімпазы атанып, алтыннан алқа тақты.


7 салмақ бойынша өткен жарыстың қорытындысы бойынша командалық есепте Түркістан қаласының балуандары бас жүлдені иеленсе, Шардада ауданының өрендері – күміс жүлдегер, ал, Кентау қаласының күрес шеберлері үшінші орынды қанағат етті.


Дзюдо күресінен Түркістан облысының ересектер арасындағы аға бапкері Марат Файзиевтің айтуынша, жарыста топ жарғандар мамыр айының соңында Тараз қаласында өтетін спартакиада ойындарында облыс намысын қорғайды.