ТҮРКІСТАН: Елбасының сыныптасы мақтааралдық жастармен кездесті

0
1 692

​Шараны ұйымдастырушылар келелі кездесуге уақыт бөліп келген Елбасы сыныптасына алғыстарын айтып, ыстық ықыластарын білдірді.


ТҮРКІСТАН: Елбасының  сыныптасы мақтааралдық жастармен кездесті

Мақтаарал аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ мен аудан орталығы Мырзакент кентінде орналасқан “Пушкин” жалпы орта мектебінің ұйымдастыруымен 1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сыныптасы Төлемисова Рауза Мәтеқызымен кездесу болып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Кездесуге “NurOtan” партиясы Мақтаарал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Досым Асабаев пен аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ басшысы Сүндет Кенжебаев, кенттер мен ауылдық округтердегі жасақталған өзін-өзі басқару орталықтарының жастары, еріктілер клубының мүшелері мен сан салада жетістіктерге жетіп жүрген жас мамандар, этномәдени орталықтарының үздік жастары мен оқу озаттары, “Жас Отан” жастар қанатының мүшелері қатысты.

Өмірлік тағылымды тәрбиесі мол кездесуде “Пушкин” жалпы орта мектебінің ұжымы Елбасы еңбектері мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті жайлы әлем жазушылары мен ғұламаларының жазған жазбалары жайындағы кітаптар көрмесі ұйымдастырылды.
Еркін форматта өткен кездесуде аудан жастары Елбасы сыныптасы Рауза Мәтеқызына өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойысып, Н.Ә.Назарбаевтың балалық шағынан естеліктер айтып беруіне қолқа салды.
“Нұрсұлтан бала күнінен өте талапшыл, ізденімпаз, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары болатын. Қандай да бір істі бастаса соңына жетпейінше тыным таппайтын. Достыққа берік, адал бола білген Сұлтан күні бүгінге дейін сыныптастарынан қол үзген емес. Қауырт тірлік, мемлекеттік мәселелерді шеше жүріп арасында уақыт тауып біздің де басымызды қосып тұрады. Бізбен кездескен сәттерінде Республикадағы ең жоғары лауазым иесі ретінде емес, сол біз білген, бізбен қатар өскен Сұлтан ретінде әңгімелеседі” - деді Рауза Төлемісова.
Жиын барысында “NurOtan” партиясы Мақтаарал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Досым Асабаев пен аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ басшысы Сүндет Қахраманұлы атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырып, алдағы жоспарларымен таныстырды.
Шараны ұйымдастырушылар келелі кездесуге уақыт бөліп келген Елбасы сыныптасына алғыстарын айтып, ыстық ықыластарын білдірді.