ТҮРКІСТАН: Ерікті жастар «Ұзын Ата» кесенесінде тазалық жұмыстарын жүргізді

0
1 272

Бір топ мавзолейдің іші-сыртын сыпырса, енді бірі қураған ағаштарды бұтады.


ТҮРКІСТАН: Ерікті жастар «Ұзын Ата» кесенесінде тазалық жұмыстарын жүргізді

Мақтааралдық еріктілер «Ұзын ата» кесенесінде болды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен ауданның үздік, белсенді деген ерікті жастары Шардара ауданында орналасқан «Ұзын Ата» мавзолейінде болды.

Түркістан облысының тарихи-мәдени, табиғаты ерекше жерлерін таныстыру мақсатында «Асыл мұра» жобасы аясында орта ғасырлық кесенеге ұйымдастырылған саяхат барысында мақтааралдық жастар киелі мекенге зиярат етіп қана қоймады. Өзара бірнеше топқа бөлініп, кесене маңына тазалық жұмыстарын жүргізді. Бір топ мавзолейдің іші-сыртын сыпырса, енді бірі қураған ағаштарды бұтады. Ал, тағы бірі күл-қоқыстарды тасып, сылағы түскен қабырғаларды ретке келтірді, ағаштардың түбін босатып, әктеп шықты. Жергілікті көнекөз қариялармен тілдесіп, тарихи аңыз-әңгімелерін тыңдады.

Көне Қызылқұмның қойнауындағы Шардара өңiрiнде, сырлы да шерлi Сырдария өзенiнiң орта ағысының сол жағалауында бұл күндерде алыстан мұнартып, ескi дүние жәдiгерлiктерiнiң соңғы тұяғындай болып мен мұндалаған Ұзын Ата кесенесі Шардара ауданына қарасты Ұзын Ата ауылынан 8 шақырым қашықтықта орналасқан.

Ежелгі аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Зеңгі Атадан бата алған Ұзын Атаның шын мәнiндегi аты – Асан Ата деседi. Атақонысы – осы Ұзын Ата – Тайпақ екен. Әр сөзi дуалы Асан қария Ақсақ Темiрдiң бас кеңесшiлерiнiң бiрi болған деседі. Атақты Әмір Темірдің бұйрығымен XIV ғасырдың соңында толықтай күйдірілген кірпіштен тұрғызылған мавзолей орта ғасыр ескертеіштерінің арасындағы бүтіндей сақталып қалған санаулы ғимараттардың бірі.

«Кейбір тарихи деректерде келтірілген мәліметтерге сүйенсек – Зеңгi Бабаға шәкiрт болған Ұзын Хасан Ата деген кiсi Ұзын Асан Ата екендiгi дау тудырмаса керек. Бұлай дейтiнiмiз – Хасан деген есiмнiң қазақша айтылуы Асан. Демек, Ұзын Асан Ата, яғни, Асан қайғы дәл осы Ұзын Ата болуы әбден мүмкін. Бұл киелі орынның ашылмай жатқан сыры әлі де аз емес» - дейді Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Сүндет Кенжебаев.

Айта кетейік, бұған дейін де мақтааралдық жастар Жетісай ауданында орналасқан ортағасырлық Үтіртөбе қаласында, Мақтаарал ауданындағы «Даңқ» аллеясында болып қайтқан еді.