ТҮРКІСТАН: Еріктілер қаланы қайта жаңғырту жұмыстарына үлес қосып жатыр

0
798

Еріктілер кірпіш құйды.


ТҮРКІСТАН: Еріктілер қаланы қайта жаңғырту жұмыстарына үлес қосып жатыр

Түркістандық волонтерлар құрылыс жұмыстарына кірісті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістандық «Birgemiz: Asyl mura» еріктілері қаланы қайта жаңғырту-жаңарту жұмыстарына белсене араласып жүр. Осыған дейін бірнеше тарихи нысандарды қайта қалпына келтіру мен тазалық жұмыстарына қатысқан жастар, бір аптаны «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде өткізді.

Еріктілер өздеріне берілген бір апталық жұмысты тиімді пайдалану мақсатында 2 бағытқа бөлініп еңбек етті. Бірінші бағыттағы еріктілер Қ.А.Ясауи кесенесі маңындағы қақпаны қайта жаңарту жұмыстарындағы құрылыс мамандарына кірпіштерді жеткізіп берумен айналысса, екінші бағыттағы жастар Түркістан қаласындағы қыш тастарды әзірлейтін реставрациялық цехтағы мамандарға көмектесті.

Қыш тастарды әзірлейтін бұл цех Кеңес одағынан бері жұмыс жасайды. Екі дәуірдің куәсі болған цехта жұмыс жасау жастардың қызығушылығын оятты. Себебі кірпіштің қалай жасалатыны, боялу үлгісі, қандай қалыпта шығарылу керектігі барлығын дерлік арнайы мамандардан үйреніп жасауда. Цехта 20 жылдан бері жұмыс істейтін маманның айтуы бойынша, кірпіштің боялу әдісіне 6 түрлі элемент қажет. Ал оның дайындалу жолы біз білмейтін қаншама құпия сырға толы екен. Жас волонтерлар қызметкерлерге көмек берумен қатар, өздеріне де пайдалы ақпарат пен тарихи деректер жинады.

«Түркістандағы кірпіш шығаратын цехқа алғаш рет баруым. Ол жақта бірінші рет кірпіштің қалай жасалу үлгісін көрдім. Көзімізге қатты бейнеде көрінетін кірпіш алғашында жәй жұмсақ лай болатыны, оның қандай қалыпта салынып, қанша градуста ыстық отқа күйдірілетінін өз көзіммен көрдім. Әлемге белгілі кесененің бір кірпішін болсын өз қолыммен қалауына ат салысқаным үшін өзімді бақытты сезінемін»- дейді жас волонтер Мадина Қалматаева.

Айта кетейік, аталған жұмыстар "Birgemiz: Asyl Mura" бағытындағы грант ұтып алған волонтерлер қозғалысы аясында жүріп жатыр.

Бір апталық жұмыстарын ойдағыдай атқарған жас волонтерларға Түркістандағы фрон офистің жетекішісі Амалбек Өміртай арнайы алғыс хатты табыстады.