ТҮРКІСТАН: Ерлік жасаған жетісайлық ұстаздарға аудан әкімі алғыс хат табыстады

0
2 253

Жетісай ауданында бірінші сынып оқушысын ажалдан арашалап қалған ұстаздарды аудан әкімі алғыс хатпен марапаттады.


ТҮРКІСТАН: Ерлік жасаған жетісайлық ұстаздарға аудан әкімі алғыс хат табыстады

Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев баланы ажалдан арашалап қалған 4 ұстазды қабылдап, алғыс хатпен марапаттады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

сурет авторы: Қуаныш Әуелбеков

Оқиға 2019 жылдың 28 қаңтары күні Жетісай ауданында болған еді. «Алғашқы әскери дайындық» семинарынан қайтып келе жатқан 4 мұғалім ауыл ортасынан кесіп өтетін канал жағасында жанұшыра жүгіріп жүрген баланы көріп, көліктерін тоқтата сала көмекке жүгіреді. 1 сынып оқушысы Әжіқұл Қажымұқанның суға түсіп кеткенін білген жігіттер бірі суға түсіп, бірі ағысқа қарай іздеп, әзер дегенде судың иірім жасап құбырға енетін жерінде ағараңдаған баланың киімін байқайды. Сөйтіп, бәрі иірімді қолмен сүзіп, құбырдың ішіне жұтылып бара жатқан баланы ажалдан құтқарып қалады. Біраз су жұтып үлгерген Қажымұқан ұзындығы он метрге жуық құбырға кіріп кеткенде құтқару мүмкін болмас еді. Алғашқы көмек көрсету жолдарын оқушыларға дәріс ретінде үйретіп жүрген мұғалімдер су жұтып, тұншығып қалған балаға көмек көрсетіп, тез есін жидырады. Су киімдерді шешіп тастап, өздерінің сырт киіміне баланы орап алып, көліктерімен үйіне жеткізеді.

Аудан әкімі ерлік жасаған ұстаздарға алғысын білдіріп, сый-сияпат жасады. Әрине, өзгенің баласын өз баласындай қамқорлыққа алып, өнер-білім үйретіп, олардың жетістігіне бірге қуанып, қиын жағдайға душар болса қол ұшын беруге дайын тұратын ұстаздар қандай марапатқа болса да лайық.