ТҮРКІСТАН: «Игілік» бағдарламасымен кәсіп ашқандар мол табысқа жетіп отыр

0
971

2020 жылғы жеміс-жидектің көлемі 3335 гектарды құраған.


ТҮРКІСТАН: «Игілік» бағдарламасымен кәсіп ашқандар мол табысқа жетіп отыр

Түлкібас ауданында «игілік» бағдарламасының игілігін көріп жатқандар көп, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Түлкібас ауданында мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп ашатын шаруалар қатары көбейіп келеді. Мәселен, «Игілік» бағдарламасымен несие алып, мал өсірумен айналысатын тұрғындар саны артуда. Соның бірі, Түлкібас ауданына қарасты Қараағашты ауылының тұрғыны Талғат Айдарқұлов. Жылқы өсірумен айналысатын кәсіпкер «Игілік» бағдарламасы аясында кәсібін кеңейткен. Атап айтсақ, кәсіпкер мемлекеттік қолдау арқылы 10 жылқы сатып алған. Бүгінгі таңда 10 жылқыдан тәулігіне 15 литр қымыз баптап, литрін 500-700 теңгеден саудалауда.

Сондай-ақ, ауданда үй іргелік қоралардан бөлек 10 ірі, 12 ұсақ шаруа қожалық жылқы сүтін өндеп, өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Мәселен, осы салаға бейімделген «Таң нұры» саумалмен емдеу орталығы бар. Сауықтыру орталығы - тыныс алу жолдары, қан құрамындағы қант мөлшерін түсіру және неврологиялық ауруларға қарсы ем-домдар жасайды. Айта кетерлігі, бүгінгі таңда сауықтыру орталығы 84 адамды қабылдауға қауқарлы болса, қайта құрылымдау жұмыстары аяқталғаннан соң қосымша 60 адамға арттыруды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, таулы аймақта алма бауын дамыту жылдан жылға қарқын алып келеді. 2020 жылғы жеміс-жидектің көлемі 3335 гектарды құраған. 100 га жерге алма отырғызу жоспарланса, бүгінгі таңда 78 гектар жерге орналастырылған. Жалпы биылғы жылға жоспарлаған 100 гектар алма баудың 50 гектары қарқынды бау болмақ. Сондай-ақ, алма өнімін қыс мезгілінде сақтау мақсатында ауданда бүгінгі таңда 6 қойма жұмыс істеуде. Жалпы қоймалардың сиымдылығы - 8900 тонна.