Түркістан инвесторлар мен туристер қызығатын шаһарға айналмақ

0
2 809

Форумға шетелдерден 250-ден астап делегат келді.


Түркістан инвесторлар мен туристер қызығатын шаһарға айналмақ

Бүгін Түркістан қаласында «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық жəне туристік форум басталды. Форумға Еуропа елдерінен, Түркия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапур, Иран, Малайзия, Пәкістан, Өзбекстан т.б. мемлекеттерден 250-ден астам делегат келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Форумда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдің дамуы және инвестициялық тартымдылығы жөнінде баяндама жасады. Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, былтыр өңірге 482 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш бойынша республикада үздіктер қатарынан табылған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 129 млрд. теңге тартылып, 2,5 есеге ұлғайған. Облыста шағын және орта кәсіпкерлік жақсы дамыған. Инвестиция тарту мақсатында Түркістан қаласында «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары жоспарланған. Бұл аймақта кәсіпкерлерге 25 жылға дейін салық төлеуде жеңілдіктер қарастырылмақ.

Сонымен қатар, ҚР Премьер-министрінің орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев, ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреев, Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Владимир Пискурев, «RIXOS HOTELS» президенті Фетах Таминджи, Туризмнің Еуразиялық Ассоциациясының президенті Рысты Қарабаева, Golden Camel компаниясының құрылтайшысы Еянг Джи, «DALHolding» компаниясының басшысы Демирджан Косе, «Атамекен» Ұлтттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов және өзге де спикерлер сөз сөйлейді деп жоспарланған.

Форум аясында В2В форматындағы кездесулер өтіп жатыр. Түркістан облысы әкімдігі мен шетел компаниялары арасында келісімдер мен меморандумдарға қол қойылады. Облыстың туристік, экономикалық әлеуетін көтеру, кәсіпкерлікті, өндірісті дамыту бағытында нақты жобалар ұсынылып, шетелдік инвесторлармен келісім жасалады. Сонымен бірге «Туризм индустриясы — Қазақстан экономикасының жаңа драйвері», «Солтүстік-Оңтүстік экономикалық дәлізі» тақырыптарында және агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы адам капиталының рөлі жөнінде пікіралмасулар өтеді.

Осы инвестициялық және туристік форум нәтижесінде құны 2 млрд. АҚШ долларына жуық 19 меморандумға қол қойылады деп күтілуде. Атап айтсақ, Иранның «Ardabil Petrochemical Co.» компаниясымен онкологиялық орталық және мұнай өңдеу зауытын салу жөнінде келісім жасалса, қытайлық «Changchun Longyuan Power Equipment Co.LTD» компаниясы энергетикалық құрылғылар мен бұйымдар жасау жөнінде құны 648 млн. АҚШ доллары көлеміндегі уағдаластыққа қол жеткізілмек. Сонымен қатар, Түркия, Чехия, Ресей, БАӘ, Малайзия, Италия, Польша мемлекеттерінің инвесторларымен де меморандум түзіледі. Бұл инвесторлар алдағы уақытта Түркістан қаласында және облыс аумағында жұмыстарын бастайды. Осы арқылы Түркістанда ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, туризм мен жеңіл өнеркәсіп дамып, өңірде жаңа өндіріс орындары көбейеді.

2018 жылдың 18 маусымында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, оның орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Үш айдан астам уақыт ішінде облысты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Облысты дамытудың 3 бағыты айқындалды. Олар: туризм, агроөнеркәсіп кешені және логистика мен транзиттік әлеует. Бүгінде облыс әкімінің тапсырмасымен Түркістанда «TURKISTAN INVEST» инвестициялық орталығы ашылды. Бұл да инвестиция тартуға және кәсіпкерлікті дамытуға серпін береді деген сенім бар.