ТҮРКІСТАН: Қайыршылық жасаған 41 жасөспірім анықталды

0
1 191

Биылғы жылдың 9-16 қараша күндері аралығында «Қайыршы» жедел профилактикалық іс-шарасын өтті.


ТҮРКІСТАН: Қайыршылық жасаған 41 жасөспірім анықталды

Түркістан облысы полицейлері «Қайыршы» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 200-ден астам заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы полицейлері ҚР ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдың 9-16 қараша күндері аралығында «Қайыршы» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты - әртүрлі қызметке мәжбүрлеу және белгілі бір табыс табу, қайыр сұрап, азаматтардың мазасын алу секілді құқық бұзушылықты анықтау және жолын кесу, сондай-ақ ескерту болып табылады.

Аталған жедел-профилактикалық іс-шара барысында қайыршылық жасаған 41 жасөспірім анықталды. Ата-анасының бақылауынсыз жүрген 6 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 34 ата-анаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабы «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, жауапкершілікке тартылды. Мәселен, Мақтарал ауданында жергілікті тұрғын өзінің кәмелет жасына толмаған жасөспірім қызын қайыр сұратып, заңсыз пайда табу үшін пайдакүнемдік пиғылда жұмыс жасатып отырғаны анықталған. Осы іс бойынша кішкентай қыздың анасына баласын тәрбиелеу жөніндегі ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес хаттама толтырылған.

Қоғамдық орында тиісу, қайыршылық жасау және өзге де теріс әрекеттер жасау бойынша жұрттың мазасын алған 111 тұлғаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 449-бабы «Қоғамдық орындарда тиісу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
«Қайыршы» жедел-профилактикалық іс-шарасында ішкі істер органдарында тіркеуден өтпей көші-қон заңнамасын бұзған 120 шетел азаматы, тіркелу кезінде көрсетілген мекен-жайда тұрмаған, сол сияқты транзиттік жол жүру қағидаларын сақтамай көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 48 шетел азаматы және жүзеге асыратын қызметі визада немесе тіркеу кезінде көші-қон карточкасында көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмай, жұмысқа орналасуға рұқсат алмастан еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін 60 шетел азаматы ҚР ӘҚБтК 517-бабы «Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР-ның халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуы» бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Қазақстан Республикасының аумағынан 19 шетел азаматы шығарылды. Қабылдап тарату орталығына 3 тұлға орналастырылып, 9 тұлға әкімшілік қамауға алынды.