ТҮРКІСТАН: «Қайырымдылық керуені» байқауы басталды

0
546

Адамгершілік сынды құндылықтарды нығайтуға бағытталған.


ТҮРКІСТАН: «Қайырымдылық керуені» байқауы басталды

Түркістан облысында «Қайырымдылық керуені» атты байқау басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл төртінші рет өткелі жатқан «Қайырымдылық керуені» байқауы - сауапты іске жақын, мұқтаж жандарға қол ұшын созатын жандарды анықтауға, мейірімділік, гуманизм сынды адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Байқау жыл сайын Қазақстанның дамуына қомақты үлес қосқан батыл, қамқор жандарды, меценаттар мен нағыз патриоттарды анықтайды. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаева мәлімдеді.


Байқауды Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені, «Хабар» агенттігі мен «КТК» телеарнасы жүзеге асырады. Оған әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуге үлестерін қосатын және өзгелерді өздерінің игі ісімен ынталандыратын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.


«Байқауда лауреаттар бірнеше номинациялар бойынша анықталады. Мәселен, «Асар» номинациясы - халықтық салт-дәстүрді сақтауға бағытталған қайырымдылық қызметті атқаратын жандарға табысталады. Ал «Туған жер» аталымы - білім беру, экология және абаттандыру, мәдени нысандарды қалпына келтіру, туған өлкесіне қайырымдылық көрсеткен азаматтарға арналған. «Батыл жүрек» номинациясы - ерлік пен қайсарлық танытқан адамдарға беріледі. «Мейірім жолында» аталымы - белгілі бір уақыт аралығында тұрақты түрде өтеусіз көмек көрсеткен жандарға беріледі», - деді Инара Әбдіғаппарқызы.


Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысы іскер әйелдер қауымдастығы «Жас қанаттар» тобының төрайымы Насиба Атаева өзгеде аталымдарға тоқталды.


«Қайырымдылық тарихы» номинациясы - әлеуметтік мәселелерді үздік жариялағаны үшін журналистке немесе шығармашылық ұжымға беріледі. Ал «Бала жүрегі» аталымы - төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен батырлығы және қайырымдылық іске қатысқаны үшін 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге беріледі. Сонымен қатар, «Жануарға мейірім» номинациясы -жануарларды қорғайтын, оларды асырауға көмектесетін, жануарлар әлеміне қатысты мейірімділік пен қайырымдылықты насихаттаған жандарға беріледі», - деді Насиба Сабыржанқызы.


Байқауға қатысуға өтінімдер 2021 жылдың 30 қарашасына дейін қабылданады. Байқауға қатысу туралы толық ақпаратты www.fnn.kz, www.businesswomen.kz сайттарынан табуға болады.