Түркістан қалалық өзбек этно- мәдени бірлестігі мақтаралдықтарға 10 млн теңгенің көмегін жіберді

0
814

Түркістан қалалық өзбек этно- мәдени бірлестігі мақтаралдықтарға тұрмысқа қажетті заттар, гигиеналық құралдар, жиһаздар тиелген гуманитарлық көмек жеткізді.


Түркістан қалалық өзбек этно- мәдени бірлестігі мақтаралдықтарға 10 млн теңгенің көмегін жіберді

Мақтаралдағы жағдай қазақстандықтардың татулығы мен бірлігін, қиын қыстау кезеңде бір қолдың саласындай біріге алатындығын тағы бір дәлелдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Белгілі кәсіпкер, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Бахадыр Ирисметов басқаратын Түркістан қалалық өзбек этно- мәдени бірлестігі мақтаралдықтарға азық-түлік, киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттар, гигиеналық құралдар, жиһаздар тиелген гуманитарлық көмек жеткізді. Көмек керуенінің жалпы құны - 9 млн 862 мың теңге.

Түркістан қалалық өзбек этно-мәдени қоғамдық бірлестігі Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жариялана салысымен жедел штаб құрып, эвакуацияланған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету үшін керек-жарақтың бәрін күнделікті жинай бастаған.
"Мақтааралда орын алған су тасқыны Мырзашөл жұртының ғана қайғысы емес, бүкіл халықтың қайғысы. Осындай қиын сәтте барша халық Мақтаарал тұрғындарымен бірге екендіктерін көрсетіп, қолдан келген жәрдемін беріп жатыр. Түркістан қалалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері де күн-түн демей осы елдің тез еңсе тіктеуіне тілеулес болуда. Қазір эвакуациялық орталықтарда орналасқан азаматтардың сұранысы азық-түлік емес киім-кешек, көрпе-төсек пен гигиеналық заттар. Осы жайтты ескеріп, біз нағыз қажетті заттарды әкелуді жөн көрдік. Біз жеңбейтін қиындық жоқ",- дейді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Бахадыр Ирисметов.
Түркістандық этно-мәдени бірлестік жөнелткен көмек керуеніндегі жүк бүгін облыстық штаб қоймасына түсірілді. Жұрт аманатын аман-есен жеткізіп берген бірлестік жетекшілері мұндай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын айтады.