Түркістандық ақсақалдар тың жоба ұсынып отыр

0
1 983

Жергілікті халықтың қалауымен сайланған төрағалар облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі атанып, заңды тұлға ретінде жұмыс жасайтын болады.


Түркістандық ақсақалдар тың жоба ұсынып отыр

Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының бастамасымен қала әкімдігі тарапынан қолдау тапқан тың жоба іске асырылмақ. Бұл ұлттық салт- дәстүрімізді дәріптеп, қоғамдық жұмыстарды жүргізу, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мәселелеріне ықпал етуге бағытталған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Тарқатып айтсақ, Сауран мөлтек ауданының тұрғындарымен жүздескен облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов қоғамның өзін-өзі басқаруын қамтамасыз ету мақсатында қаладағы мөлтек аудандарды ішінара тоғыз немесе он аумаққа бөлуді ұсынып отырғандығын айтты. Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясында өткен жиынға қала әкімінің орынбасары Ғани Рысбеков қатысып отырды.
Белгілі аумаққа бөлінген мөлтек аудандардың әрқайсысына төрағалар сайланатын болады. Жергілікті халықтың қалауымен сайланған төрағалар облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі атанып, заңды тұлға ретінде жұмыс жасайды. Олар аудандарда көше комитеттерін құруға кіріседі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, осылайша қала тұрғындарының игілігі үшін әртүрлі қордаланған мәселелер шешімінің табуылына жол ашылмақ.
Сонымен Сауран мөлтек ауданында орналасқан 1-ші, 2-ші көпқабатты (Самал, микрорайон) тұрғын үйлерге төраға болып - Мұрат Қонақбаев, Мақта зауыт аумағына (Хлопзавод) - Сырым Исмаилов сайланды. Осы секілді қаладағы өзге де мөлтек аудандарға төраға сайлау жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар, мөлтек аудандардың тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізу жалғастырылатын болады.
Облыстық ақсақалдар алқасының мүшелері аға буын ретінде қоғамның тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамай шаһарымыздың өркендеуі жолында әр кез үлес қосып келеді. Жаназа пәтуәсі мәселесіне келгенде ысырапшылдыққа жол берілмеуін қадағалауды қолға алған ақсақалдар той және асабалар әдебінің сақталуын баса назарға алған. Жоғарыда аталған мөлтек аудан төрағаларын сайлау мәселесі де заман талабы мен қоғам қажеттілігіне қарай туындап отыр.