ТҮРКІСТАН: Кәсіпкер әйел күніне 1,5 тонна ұннан нан өнімдерін жасайды

0
1 832

Түркістандағы «Ғажайып нан» ЖШС халықтың 20 пайызын нан өнімдерімен қамтып отыр


ТҮРКІСТАН: Кәсіпкер әйел күніне 1,5 тонна ұннан нан өнімдерін жасайды

Өз кәсібін екі кап ұнмен нан жабудан бастаған Перизат Есенова бүгінгі таңда қалаға белгілі нан өндіруші цехтың директоры, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Ғажайып нан» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік жергілікті халықтың 20 пайызын, бірнеше мектеп, балабақша асханаларын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

«2000 жылдан бастап кәсібім жақсара бастады. 2013 жылы Кәсіпкерлік палатаның көмегімен лизингке ресейлік «Восход» құрылғысын (нан жабуға арналған пеш) алдым. Автоматтық жүйеде басқарылатын қондырғымен жұмыс едәуір жеңілдеді және уақытты үнемдеуге қолайлы. Облыс орталығы Түркістанымыз түрленіп, дамып жатқанда біздің де тынысымыз кеңейіп, тіршілігіміз еселенуі тиіс. Әрине, ең алдымен сапа бірінші кезектегі мәселе»,- дейді Перизат Махмұтқызы

Іскер әйел тұрғылықты тұрғын үйінің жанынан цех ашып, 13 жанға тұрақты жұмыс ұсынған. Екі аусымда жұмыс жасайтын жұмысшылардың жалақы мөлшері 40 мың мен 50 мың теңгенің аралығында. Мұнда бөлке, таба нан (лепешка), түймедақ, батон, бұрама (плитенка), қара нанның түрлерімен қоса тәтті тоқаш, коржик, кекс дайындалады. Онға жуық өнім дайындау үшін бір күнде 30 қап, нақтырақ 1,5 тонна ұн пайдаланылады. Кәсіпорын басшысы бұл көрсеткішті екі есеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.