ТҮРКІСТАН: Қазығұрт ауданының әкімі ауысты

0
792

Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.


ТҮРКІСТАН: Қазығұрт ауданының әкімі ауысты

Қазығұрт ауданының әкімі қызметіне Исмаилов Азизхан Әзімханұлы тағайындалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Президент Әкімшілігінің және Қазығұрт аудандық мәслихаты депутаттарының келісімімен, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өкіміменҚазығұрт ауданының әкімі қызметіне Исмаилов Азизхан Әзімханұлы тағайындалды. Ал ауданның бұрынғы әкімі Арман Абдуллаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.


Аудан активіне жаңа әкімді таныстырған Дархан Сатыбалды оған бірқатар міндет жүктеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл-аймақты дамыту бойынша тапсырмасын сапалы орындау, ауданның экономикалық-әлеуметтік әлеуетін көтеру бағытында жұмыстарды жүйелеуді тапсырды.


«Ауданға қарасты ауылдар мен елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, халықтың табысы мен өмір сапасын арттыру – негізгі міндет. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету, жаңа жұмыс орындары мен өндіріс орындарын ашу, жылыжайларды көбейту де аса маңызды. Мемлекеттік бағдарламаларды сапалы жүзеге асыру да назарыңызда болуы тиіс. Жұмысты абыройлы атқарып, ел сенімін ақтауыңызға тілектеспін», – деді облыс әкімі.


Азизхан Исмаилов 1983 жылы, 16 қаңтарда Төлеби ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің түлегі. Мамандықтары: қаржы, құқықтану.


Еңбек жолын 2003 жылы Атырау қаласындағы «Қайнармұнайгаз» МГӨБ «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалында бастаған.


2009-2013 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының маманы, Оңтүстік Қазақстан облысының тілдерді дамыту басқармасының бас маманы, Оңтүстік Қазақстан облысының қаржы басқармасында бөлім басшысы болып қызмет атқарған. 2015-2017 жылдар аралығында «МИКО ОЙЛ» ЖШС-нің директоры, 2017-2022 жылдар аралығында Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-заңгері, Түркістан облысы әкімі аппаратының жиынтық-талдау және жалпы мониторинг бөлімінің бас инспекторы, Түркістан облысы әкімі аппаратының жиынтық-талдау және жалпы мониторинг бөлімінің басшысы болды.


2022 жылдан бері Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.