ТҮРКІСТАН: Қазығұртта жаңа төселген асфальт жол жарылып жатыр (видео)

0
1 651

Салынған жолдың сапасы сын көтермей тұр.


ТҮРКІСТАН: Қазығұртта жаңа төселген асфальт жол жарылып жатыр (видео)

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында жаңа төселген асфальт жол жарыла бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазығұрт ауданының тұрғыны Сардор Исманов өзінің facebook парақшасында Тұрбат ауылында жүргізілген жаңа төселген асфальт жолдың жағдайын айтып өз наразылығын білдірген.

"Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылындағы көшелерге асфальт төселді бірақ санынан сапасы жоқ екені көрініп тұр. Қыс мезгілі бітпей көшелердің жағдайы мынандай. Қалындығы 2-3см. Мына жердегі асфальт бөлініп-бөлініп жарылып жатыр", - дейді ауыл тұрғыны Сардор Исманов.

Ол осы жолдармен күнде жүретіндігін айтып, бей-жәй қарай алмайтындығын жеткізген болатын.

"Бұл Гүлістан көшесі, асфальт кетіп жатыр, мында асфальт жоқ, ал мына жері кеткен. Ал, мына жердегі асфальт бөлініп-бөлініп жарылып жатыр", -дейді Сардор Исманов өзінің жариялаған видеосында.


Осы мәселеге байланысты «Сапалы жол - Түркістан Адалдық алаңы» Жобалық кеңсесі кезекті мониторингтік бақылау жұмыстары жүргізді.

Автокөлік жолдарының сапасын сараптау мақсатында Жобалық кеңсе менеджері Е.Тұңғышбаев бастаған топ мүшелері мемлекеттік бюждет қаржысы есебінен салынған ішкі орам жолдарға қоғам өкілдерімен жүргізілген зерделеу жұмыстары аясында жалпы ұзындығы 2340 метр болатын жолдардан сынама алынып, сапасы тексерілген болатын.

Мониторинг барысында жылжымалы жол зертханасы арқылы Тұрбат ауылындағы жаңадан салынған "Жұлдыз" және "Гүлістан" көшелерінен сынама алынды.

Тексеру нәтижесінде Жұлдыз көшесінен алынған асфальтбетон жамылғысының қалыңдығы біркелкі емес, яғни салынған жолдардың жиегі тегіс емес екендігін топ мүшелері анықтап отыр.

Ал, Гүлістан көшесінің жол төселімінің тегістігі сметалық құжатқа сай емес және асфальтбетон жамылғысын салуда технологиялық талаптар сақталмағаны туралы Жобалық кеңсе мониторингінің жұмыстары аясында белгілі болды.

Мониторинг жұмыстарының қорытындысымен мердігер компания басшылығына анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша нақты тапсырмалар берілгендігі, сондай-ақ ауданда салынатын жолдардың сапасын аудан әкімі Т.Телғараев өз бақылауында ұстайтындығы белгілі болды.

Сонымен қатар, алдағы уақытта Түркістан облысына қарасты барлық аудан, қалалардың жолдарын «Сапалы жол - Түркістан Адалдық алаңы» Жобалық кеңсесі бақылауға алынып, мониторингтік жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетіндігін жеткізді.