ТҮРКІСТАН: Кентаулық полицейлер адам өмірін сақтап қалды

0
1 750

Бірнеше секундқа кешіккенде науқастанған азамат өмірден өтер еді.


ТҮРКІСТАН: Кентаулық полицейлер адам өмірін сақтап қалды

Түркістан облысы, Кентау қаласының полицейлері сауапты іс жасап, алғысқа бөленді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кентау қаласының тұрғыны Али Тыняновтың әкесі аяқ астынан сырқаттанып, жүрегі ұстап қалған болатын. Шұғыл түрде жедел жәрдем мен такси шақыртады. Уақытты жоғалтпастан әкесін бесінші қабаттан түсіріп, сыртқа шығып, көмек сұрайды.

«Шақырған жедел жәрдем де, такси де келер емес. Таңғы сағат 4:00 болатын. Көз алдымда есінен танып қалып, дем шықпай қалған әкем арқамда. Көшеде әкемді көтеріп алып айқайлап жатсам, патрульдік полиция қызметкерлері жолдарды бақылап кетіп бара жатыр екен. Мені көре салысымен бірден қасыма келді. Екеуі де ешқандай сөз айтпастан әкемді көтеріп алып, қызметтік көліктеріне салды да, ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер әкемнің жағдайының аса ауыр екендігін айтып, жедел түрде ота жасауға кіргізіп алды. Осыдан кейін де полиция қызметкерлері мені жалғыз қалдырмады. Қамқорлықтан білдіріп, әкемнің отасы сәтті аяқталғанша қасымда болды. Сол кезде олармен жөн сұрасып, таныстым. Бұл әрекеттерін өмірбақи ұмытпаспын. Олардың ата-анасына, ұстаздарына, командирлеріне үлкен рахмет. Екі лейтенантқа да айтар алғысым шексіз. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне осындай қызметкерлер үшін көп рахмет!»,- дейді Али.

Алиге дәрігерлер енді бірнеше секундқа кешіккендеріңде әкеңмен мәңгіге қоштасар едің депті. Кентаулық тұрғын ішкі істер органдарының қатарында полиция лейтенанттары Инкарбеков Тимур Жұмабекұлы мен Абенов Сәкен Қалдыкөзұлы секілді қамқор полицейлердің қызмет атқарып жүргеніне дән риза.