ТҮРКІСТАН: «Харекет» қайырымдылық қоры тағы бір баспана сыйлады

0
403

5 перзентінің үшеуі мүмкіндігі шектеулі отбасыға берілді.


ТҮРКІСТАН: «Харекет» қайырымдылық қоры тағы бір баспана сыйлады

Жетісай ауданында «Харекет» қайырымдылық қоры мен «Өнер қырандары» театрының демеушілігімен 806-шы баспана табыс етілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданы, Атамекен ауылдық округінде орналасқан Атамекен елді мекенінде «Харекет» қайырымдылық қоры мен «Өнер қырандары» театрының демеушілігімен 806-шы баспана табыс етілді.


Көңіл қуантарлық іс-шараға Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов пен ауылдық округтің әкімі Шынболат Муташов, ауыл ақсақалдары қатысып, үйлі болған Сейілбек Жүнісовты құттықтады.


«Қазақ халқы қашан да ынтымақ, бірлік мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. Ауыл ақсақалдарының тәлім-тәрбиесін көріп, бірлігі мен ынтымағының мықтылығының арқасында Сейілбек ініміздің отбасы бүгінде баспаналы болды. Өнерде жүріп қайырымдылықтан қалыс қалмайтын иманжүзді азаматтардың ауызбіршілігі бір отбасыға үлкен қуаныш сыйлап отыр. Игі бастаманың бастаушысы болған «Өнер қырандары» театрының ұжымына, жүзеге асуына атсалысқан «Харекет» қорының азаматтарына үлкен алғысымды білдерімін. Мұндай игілікті шараның алдағы уақытта да жалғасын табатындығына сенімдімін», - деді Әділхан Досыбайұлы.


5 перзентінің үшеуі мүмкіндігі шектеулі болса да 25 жылға жуық жалдамалы пәтерлерді паналаған отағасы жыл мезгілдеріне қарай түрлі жалдамалы жұмыстарды атқарып келген. Қыстыгүні мүмкіндігі шектеулі ұлдарының денсаулығына алаңдап, жұмысқа шықпайды екен. Ондай кездерде ауыл тұрғындары мен ағайын-туыстары отбасыға қажетті азық-түлікпен қамтамасыз еткен.


Шара соңында ізгілік істің шапағатын көріп, 4 бөлмелі өз баспанасының табалдырығын аттаған Сейілбек Жүнісов қуаныштан көзіне жас алып, көмек қолын созған барша азаматтарға өз алғысын білдірді. Ал ауыл ақсақалдары құтты баспана болсын деген тілеулестікпен ақ баталарын берісті.