ТҮРКІСТАН: «Көлеңкелі экономикаға» қарсы күрес күшейтілді

0
428

«Көлеңкелі экономика» – еліміздің экономикалық және ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін күрделі проблемалардың бірі.


ТҮРКІСТАН: «Көлеңкелі экономикаға» қарсы күрес күшейтілді

Түркістан облысында «көлеңкелі экономикаға» қарсы күрес жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында «көлеңкелі экономикаға» қарсы күрес жүріп жатыр. Сонымен бірге құрылыс, тұрғын үймен қамту салаларындағы жемқорлық тәуекелдері де қатаң бақылауға алынған. Осы салалардағы жұмыстар мен жоспарлар Түркістан облысы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысында талқыланды.


Облыс әкімі Дархан Сатыбалды күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығына тоқталып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.


«Көлеңкелі экономика» – еліміздің экономикалық және ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін күрделі проблемалардың бірі. Сондықтан оған қарсы күрес сапалы жүргізілуі керек. Салық және кеден төлемдерін төлеуден жалтаруға қарсы күрес жандансын. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды дамыту бойынша жұмыстар атқарылсын. Былтыр «Evolution Corporation» және «Индиго 24» қаржы пирамидаларының ісі бойынша 25 адам сотталды. Жаңа пирамидаларға, заңсыз ойын автоматтарына қарсы жұмысты күшейтпесе болмайды. Талай азамат құмар ойынның жетегіне еріп кетіп жатыр. Түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. «7-20-25» бағдарламасымен ипотекалық үйлерді сату, пәтер кезегіне тіркеу, тапсыруға қатысты кездескен кемшіліктерді де жою қажет. Құрылыс саласында сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін жою бойынша жүйелі шараларды қабылдау керек. Талдау барысында құрылыс саласында сыйбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауы жоғары екендігі анықталды. Осыған орай, тиісті басқармалармен бірлесе отырып, осы процестерді цифрландыру бойынша уәкілетті органға ұсыныс жолдансын. Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Басқа салалар бойынша сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар енгізілсін», – деді Дархан Сатыбалды.


Комиссия отырысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов Түркістан қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындысын баяндады. Оның айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 2021 жылы өткізілген бірнеше конкурстың арасынан кемшіліктер анықталған. Тұрғын үй бөлімімен мемлекеттік қызметті көрсетудің мерзімдерін бұзу бойынша 103 дерек анықталса, тұрғын үй кезегіне қатысты да кемшіліктер реттелген.


Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков бұл олқылықтарды жою бойынша жұмыс атқарылғанын, бақылауға алынғанын мәлімдеді.


Түркістан облысының құрылыс басқармасының басшысы Т.Усубалиев құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары жөнінде есеп берді. Ал Түркістан облысының экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 1-ші жедел басқармасының басшысы Д.Тобатаев пен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы М.Нұрахаев «көлеңкелі экономикаға» қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралардың іске асыру барысы туралы деректерді ұсынды.


2023 жылдың 3 айында көлеңкелі экономикаға қарсы күрес бойынша заңсыз алкоголь өнімін өндіретін 2 жерасты цехы, 2500 литр көлемінде алкоголь өнімі табылған. Тәркіленген дайын өнімді сақтауға арналған қойма, көлемі 1200 литрден астам этил спирті жойылған. Сонымен бірге контрабандалық тауарларға, қаржы пирамидаларына, заңсыз темекі айналымына қарсы күрес жүріп жатыр. Жанар-жағармайды көрші елге заңсыз өткізудің 38 дерегі анықталды, 11.32 тонна мұнай өнімі тәркіленіп, 1 млн. теңгеден астам айыппұл өндірілді.


Одан бөлек, мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің деректерін болдырмау мақсатында мемлекеттік шекарада анықталған 94 факті бойынша 2 341 литр бензин мен 25 335 литр дизель отыны сотпен тәркіленіп, 1,5 млн. теңгеден астам айыппұл мемлекет қазынасына түскен.


Мұнай өнімінің заңсыз айналымын алдын алу бойынша 2 салық төлеуші анықталды, 10109 литр мұнай өнімдері тәркіленіп, 86250 теңге айыппұл алынған. 2023 жылдың 1 тоқсанына тиісті лицензия алмай жұмыс істеп жатқан салық төлеушілерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 63 салық төлеуші лицензия алды. Акцизделінетін өнімдердің айналымына талдау жүргізу барысында, республикалық бюджетке 7 261,3 мың теңге, жергілікті бюджетке 12 073,4 мың теңге өндірілді. 2023 жылдың 1 тоқсан қорытындысымен 911 салық салу нысаны қайта бағаланып, бюджетке 149 731 400 теңге есептелген.


Түркістан облысы әкімдігінің жанындағы сыбайлас жеморлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиясы бұл бағыттағы жұмысты жалғастырады.