ТҮРКІСТАН: Қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті

0
832

"Оқушылар сарайы" - ЮНЕСКО клубы және "Turkistan Qol Oner Одағы" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.


ТҮРКІСТАН: Қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті

Түркістандағы "Этноауыл" қалашығында қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістандағы "Этноауыл" қалашығында Наурыз мерекесі аясында қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. "Оқушылар сарайы" - ЮНЕСКО клубы және "Turkistan Qol Oner Одағы" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, салт-дәстүрге қатысты қойылымдар мен көрме-жәрмеңкені тамашалады. Іс-шараға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова арнайы қатысып, көрмедегі бұйымдармен танысып шықты.


Іс-шара барысында "Оқушылар сарайы" - ЮНЕСКО клубының директоры Индира Икапова көрме-жәрмеңке қонақтарына жылы лебізін білдірді.


"Оқушылар сарайы" - ЮНЕСКО клубы біраз уақыт бұрын "Этноауыл" жобасын қолға алған болатын. Одан бөлек, "Turkistan Qol Oner Одағы" қоғамдық бірлестігі құрылды. Нәтижесінде бүгін Түркістандағы этно-қалашықта Әз Наурыз мерекесіне орай алғашқы іс-шарамыз өтіп жатыр. Бүгін сіздер үшін өңірдегі ең үздік қолөнер шеберлері өз бұйымдарын ұсынады. Мұндағы мақсат - ұлттық өнеріміз бен құндылықтарымыздың маңызын арттырып, кеңінен насихаттау. Бұл қазақ халқының мәдениетін әлемге танытып, Түркістандағы туризмді дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта да біз "Этноауыл" жобасын одан әрі дамытып, өңірімізді дамытуға үлес қосатын боламыз. Сіздерді Ұлыстың ұлы күні - Әз Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Ағайын тату, ұлыс оң, ақ мол болсын. Ынтымағы жарасқан еліміздің абыройы асқақтап, ұлттық құндылықтарымыз мәңгі жасай берсін!",
- деді Индира Сарқытқызы.


Атап өтсек, көрме-жәрмеңке аясында өңірдің әр ауданынан келген қолөнершілердің және "Оқушылар сарайы" - ЮНЕСКО клубында жасалған зергерлік, қолөнер, керамика, ағаш бұйымдарынан көрме жайылды. Сонымен бірге, іс-шара қонақтары ұлттық тағамдардан дәм татып, мерекелік концерт көріп, салт-дәстүрлерге қатысты қойылымдарды тамашалады.