ТҮРКІСТАН: Көпбалалы аналар «Табысты отбасы» жобасы арқылы кәсібін жандандырды

0
416

«Табысты отбасы» жобасының авторы Айжани Нұрланова және жоба тәлімгері Ұланбек Нұрманов.


ТҮРКІСТАН: Көпбалалы аналар «Табысты отбасы» жобасы арқылы кәсібін жандандырды

Көпбалалы аналар «Табысты отбасы» жобасы арқылы кәсібін жандандырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сарыағаш қаласында «Табысты отбасы» жобасы арқылы кәсібін жаңадан бастаған түлектердің жұмысы таныстырылды. Шараға Сарыағаш ауданы әкімнің орынбасары Алдияр Қозыбаев, «Табысты отбасы» жобасының авторы Айжани Нұрланова және жоба тәлімгері Ұланбек Нұрманов қатысты.


«Сұлулық кабинеттерінің, шағын тігін және кондитерлік цехтардың ашылуы, жоба іске қосылған барлық бес облыста үйде жұмыс істейтін қатысушылардан келген тамаша чектер – «Табысты отбасы» жобасының жемісі. Бұл қатысушылардың оқуы да, сүйемелдеуі де дұрыс құрылғанының дәлелі. Түлектерімізді сұлулық кабинетінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын», - деді Айжани Нұрланова.


Сапардың келесі нысаны - «Әдемі» ательесі болды. Мұнда «Табысты отбасы» жобасының бірнеше түлегі жұмыс істейді. Қатысушыларды «Тігін ісі» бейіндік бағытына үйреткен шебер тігінші жоба соңында төрт түлекті өз ательесіне шақырған. Әйелдер «Тұсау кесуге» арналған ұлттық киімдерден бастап автобус орындықтарына қажетті қаптарына дейін тігу үшін кез келген тапсырыстарды алады.


«Бүгін мен бақытты адаммын деп сенімді түрде айта аламын. Өйткені менің отбасым, балаларым және сүйікті ісім бар, ол маған өз ісіммен айналысу ғана емес, сонымен қатар, табыс көзі. Мұның бәрі «Табысты отбасы» жобасының және «Samruk-Kazyna Trust» қорынан алған гранттың арқасы. Мұнда тігін машиналарын көріп отырсыз, соларды пайдаланып біз жұмыс істейміз және клиенттеріміздің тапсырыстарын орындаймыз», - деді жас кәсіпкер Айсұлу Бегниязова.


Ателье маңындағы фотостудияда жобаның тағы бір түлегі – «SMM» бейіндік бағыты бойынша оқудан өткен көпбалалы ана Жұлдыз Қарсыбаева жұмыс істейді. Ол қонақтарға студияны көрсетіп, жұмыстағы кедергілері туралы және оған бұл қызмет бағыты қаншалықты қызықты екенін айтты. Бүгінгі таңда Жұлдыз Қарсыбаеваның тұрақты табысы - 300 мың теңгеге жуық.


Сонымен қатар, көпбалалы ана Гүлнар Исаева жобада оқығаннан кейін және «Samruk-Kazyna Trust» қорынан грант алғаннан кейін табысты жұмыс істей бастағанын айтады. Ол Сарыағаш ауданы Береке ауылында тұрады, торттар мен түрлі кондитерлік өнімдерге тапсырыс алып, үйде отырып қаражат табады. Оның ай сайынғы табысы – 400 мың теңгеден асады.


«Табысты отбасы» әлеуметтік жобасының барлық 300 түлегі «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорынан гранттар алып, бүгінде жұмыс істей бастады. Олар осылайша өз кірістерін арттырып отыр. Түркістан облысынан жобаға 70 тұрғын қатысты. Оның ішінде 24 «ЅММ» маманы, 12 «Кондитерлік ісі», 19 «Сұлулық индустриясы», 8 «Тігін ісі» және 7 «Автоэлектрик» мамандары бар.


Естеріңізге сала кетейік, «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасы 2022 жылдың 1-ші желтоқсанында республиканың бес пилоттық өңірінде Абай, Жетісу, Ұлытау, сондай-ақ Түркістан және Ақтөбе облыстарында іске қосылды. «Табысты Отбасы» жобасының оқыту бағдарламасы халықтың неғұрлым осал топтарының өкілдерін, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мүшелерін, сондай-ақ балаларды жалғыз және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды, табысы төмен отбасылардан шыққан жастарды кешенді оқытуға бағытталған.