ТҮРКІСТАН: Көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп-ұстауға арналған бірлестіктер құрылып жатыр

0
613

Тұрғындар жинаған қаржы өз үйлеріне мақсатты түрде жұмсалады.


ТҮРКІСТАН: Көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп-ұстауға арналған бірлестіктер құрылып жатыр

Түркістан облысында көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп ұстауға арналған бірлестіктер құрылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында көппәтерлі тұрғын үйлерді күтіп-ұстау мақсатында мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) құрылуда. Мәселен, бұған дейін көпқабатты тұрғын үйлер кондоминиум нысаны ретінде пәтер иелерінің кооперативі (орысша – КСК) арқылы басқарылып келген. Ал, биылдан бастап бұл салаға реформа енгізіліп жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Бақтыбек Убайдин мәлімдеді.


«Жаңа жоба бойынша тұрғындар көпқабатты үйге қатысты қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын, қандай сервистік мекемелердің қызметін тұтынғанын ашық көріп біле алады. Жасыратыны жоқ, осыған дейін қоғамдық бақылау мұндай деңгейде болмады. Мәселен, КСК-ның құрамында бірнеше үй бар десек, барлық тұрғыннан жиналған қаржы бір үйге ғана жұмсалуы мүмкін. Ал МИБ-те әр үйдің өз есеп-шоты болады және тұрғындар жинаған қаржы өз үйлеріне мақсатты түрде жұмсалады», – дейді Б.Тоқбергенұлы.


Жаңа жүйе бойынша үй басқарушы (МИБ төрағасы) жиналған қаржыны қайда жұмсағанын ревизиялық комиссиямен бірге бақылай алады. Сосын жұмыс нәтижесі бойынша тұрғындарға есеп береді. Төраға үй тұрғындарының дауыс беруімен сайланады. Сондай-ақ, спикер бұл реформа түптеп келгенде тұрғындардың өз үйлерін ұқыпты пайдалануға, күтіп-ұстауға жұмылдыру мақсатымен туындап отырғанын жеткізді. Айта кетейік, жаңа жүйе бүгінге дейін жұмыс істеп келген пәтер иелерінің кооперативі жобасының (КСК) жұмысын тоқтатпайды.