ТҮРКІСТАН: Коронавирус жұқтырған соңғы емделуші жазылып шықты

0
643

Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарға арналған инфекциялық бөлімі қазір бос тұр.


ТҮРКІСТАН: Коронавирус жұқтырған соңғы емделуші жазылып шықты

Ордабасы ауданында ковид жұқтырған соңғы науқас аурудан айықты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Ордабасы аудандық орталық ауруханасының коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарға арналған инфекциялық бөлімі қазір бос тұр. Мұнда емделген соңғы емделуші ауруынан толық сауығып шыққан. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұржан Әлтаев бастаған республикалық "Қоғамдық бақылау" өкілдері аудандық ауруханада болып, жағымды жаңалыққа куә болды. Сонымен қатар, Түркістан облысындағы көптеген дәріханалар мен ауруханалардағы ахуалмен және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайларымен танысып, ұсыныстарын тыңдады.

Жалпы, Ордабасы аудандық орталық ауруханасы 120 мың халыққа қызмет көрсетеді. Ауданда коронавирус инфекциясын жұқтырған 158 науқас тіркелген. Оның ішінде 2 азамат қайтыс болып, қалған емделушілер толық жазылып шыққан. Пневмония ауруы да азайып, провизорлық госпитальдың төсек-орын саны 40 орынға қысқарған. Қазір аталған індетпен 21 науқас ем қабылдауда.

Солардың бірі 80-ге таяған Мырзабай Оңалбек. Ауруханаға дем жетпей, ауыр халде түскен ақсақал жағдайының жақсарғанын айтады. Дәрігерлерге айтар алғысы шексіз.

Атап өтсек, Ордабасы аудандық ауруханасы 9 өкпені жасанды желдету аппараты және 70-тен астам төсек-орын оттегімен қамту жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Жеке оттегі жеткізу орталығы орнатылған. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Бір ай бұрын құрылған 17 мобильді топ 1 мыңға жуық науқасқа үйлеріне барып, ем көрсеткен. "Қоғамдық бақылау" өкілдері аурухананың инфекциялық және провизорлық бөлімдерін аралап, жедел-жәрдем көлігінің және зертхана жағдайларымен де танысып шықты. Оған қоса Түркістан қалалық орталық ауруханасын да аралады. Олар осыған дейін Орал, Талдықорған, Алматы облысы мен Шымкент қалаларында болған. Басты мақсат - медициналық ұйымдардың ахуалы мен дәріханалардағы баға тұрақтылығын қадағалау және медицина қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, қолдау көрсету.