ТҮРКІСТАН: «Қыран» командасының жетекшілері келісім-шарттың талаптарын орындамағаны анықталды

0
1 057

"Қыран" футбол клубы қаржы тапшылығына тап болып, салдарынан спортшыларға жалақы төленбеген.


ТҮРКІСТАН: «Қыран» командасының жетекшілері келісім-шарттың талаптарын орындамағаны анықталды

Түркістан облысы қаржы басқармасы «Қыран» командасының жетекшілеріне келісім – шарт талаптарын орындамағаны үшін ескерту жолдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Облыс әкімдігі жеті айдан бері жалақы алмаған «Қыран» футбол командасының спортшыларына қатысты мәселеге алаңдаулышық танытуда. Айта кетейік, «Қыран» футбол командасы үш жыл бұрын 10 жыл мерзімге А.Б.Исабаев есімді азаматтың сенімгерлік басқаруына өткен. Осыған дейін, қаржы тапшылығына тап болғандарын айтып, көмек сұраған ұжым жетекшілерін Түркістан облысы әкімінің орынбасары мен жауапты басқарма жетекшілері қабылдаған болатын. «Қыран» футбол командасының жағдайымен жіті танысқан әкімдік өкілдері ең алдымен спортшылардың жалақы мәселесін шешуді назарға алуды баса айтқан.

Футбол клубының мәселесіне қатысты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығы, қаржы басқармасы мен стратегия және экономикалық даму басқармасы басшылығы баспасөз мәслихатын өткізді. Түркістан облысы қаржы басқармасының мәліметінше, сенім артылған жақ келісім-шарттың талаптарын орындамағаны анықталған. Тиісті талдау жұмыстарының негізінде мәлім болғаны, А.Б. Исабаев облыстық спорт басқармасының келісімінсіз қызметкерлерінің жалақысын көтеріп, бірнеше рет директорын ауыстырған. Биылғы бюджеттен бөлінген 281 миллион қаражат былтырғы қарызға, дәлірек айтқанда 2018 жылы «Қыран» командасы жанынан заңсыз ашылған екінші лига командасының ойындарына мақсатсыз жұмсалған.

Анықталған бірнеше заңсыздықтың нәтижесінде қаржы басқармасы мемлекет тарапынан қаржыландырылатын «Қыран» футбол командасының жетекшілеріне келісім-шарт талаптарын орындамағаны үшін ескерту жолдады. Келісім-шарт бұзылған сәттен бастап, 10 күннің ішінде мүлік мемлекетке қайтарылуы тиіс. Егер де сенімгерлік басқарушы бұл талаптарға келіспейтін болса, қаржы басқармасы сотқа беруге құқылы.