ТҮРКІСТАН: Мақтаарал жастарының өз саябағы ашылды

0
1 679

Мұнда жастар өз бос уақыттарын тиімді пайдаланатын болады.


ТҮРКІСТАН: Мақтаарал жастарының өз саябағы ашылды

Ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығы аясында Мақтааралда «Жастар саябағы» ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Саябақтың салтанатты ашылуына Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов пен ел ағалары, еңбек ардагерлері қатысты. Жастармен еркін форматта әңгімелескен аудан басшысы елдің болашақ иелеріне білім-ғылым, спорт, кәсіпкерлік салаларында жастарға жасалып жатқан мемлекеттік қамқорлықтар жайында айтып өтіп, сұрақтарына жауап берді. Аудан орталығы – Мырзакент кентінде қолданысқа беріліп отырған тұңғыш «Жастар саябағының» ашылуымен құттықтады.
«Бүгіннен бастап Мақтаарал жастарының өз саябағы болады. Мұнда сіздер өздеріңіздің бос уақыттарыңызды пайдалы ұйымдастырып түрлі спорттық, мәдени шараларды өткізе аласыздар. Күн жылынған соң бұл саябақта би кештерін ұйымдастырып, ашық аспан астындағы кинотеатр да жасауға болады. Ендігі сіздердің міндеттеріңіз – бар дүниелеріңізді қадірлеп, саябақтарыңызды таза ұстаңыздар. Түрлі декоративті көшеттерді отырғызып, көгалдандырыңыздар» деген Бақыт Насырханұлы аудан жастарын Тәуелсіздіктің 28 жылдығымен құттықтады.
Іс-шара барысында аудандағы тәуелсіздік құрдастары арасында арқан тарту, қошқар көтеру, асық ойнау сынды ұлттық ойындар мен түрлі спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.