ТҮРКІСТАН: Мақтааралда 1200 орындық мектеп салынды

0
476

Жаңарған Мақтааралда жаңалық көп.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда 1200 орындық мектеп салынды

Мырзакент елді мекеніндегі жаңа мектеп жақында қолданысқа беріледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мақтаарал ауданы, Мырзакент елді мекеніндегі жаңа шағынауданда 1200 орындық мектеп салынды. Жақын күндері ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Өткен жылғы апаттан кейін 400-ге жуық отбасы көшіп келген жаңа шағынауданда бой көтерген білім ұясының құрылысына бірнеше вагон құрылыс материалы көрші Өзбекстан елінен көмек ретінде келген болатын.


Мақтааралдықтармен жүздесіп, бүгінгі жағдайды көзбен көру үшін Өзбекстан республикасының төтенше жағдайлар министрі, Президент кеңесшісі Т.Құдайбергенов пен ӨР Су шаруашылығы министрі Ш.Хамраев арнайы келді. Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевпен бірге олар мақтааралдықтардың қуанышына ортақтасты.


«Ел - жұрттың амандығын көріп, осындағы жақсы өзгерістерге қуанып тұрмыз. Қиындықты еңсеріп, бірлік пен еңбектің арқасында Мырзакент заманауи орталыққа айналыпты. Барша отбасыға табыс, береке тілеймін», - деді Өзбекстан Республикасының төтенше жағдайлар министрі Т.Худайбергенов.


«Өздеріңізбен қайта қауышқанымызға қуаныштымыз. Өткен жылы болған төтенше жағдай бауырлас екі ел үшін де оңайға соқпағаны белгілі. Өздеріңізге белгілі, жағдайды естіп, мақтааралдықтардың тағдырына алаңдаған еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауымен Мақтааралға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілді. Бірде-бір адам қамқорлықсыз қалмады. Бүкіл ел болып көмек қолын созды. Тасқын судың зардабын жоюға көрші Өзбекстан елінен көмек келіп, қоян-қолтық жұмыс істедік. Бауырлас өзбек халқымен жарқын кезеңдер мен сынақ сәттерде де біргеміз. «Бірлігі бекем ел бәрін жеңеді» демекші, бұл сынақ халқымыздың біртұтас елдігінің айқын дәлелі болды. Қиын сәттер артта қалып, әр отбасына тек бақытты күндер бұйырсын», - деді облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы.


Жаңа мектепке жиналған мырзашөлдіктер Мақтааралдың жаңа кейіпке еніп, бұрыннан да ажарлана түскенін мақтанышпен жеткізді. Халықтың қиындық кезінде тыныш тұрмыс іздеп, басқа жаққа үдере көшпегенін қуана айтты.


«Қиындықтар ұмытылып, туған өлкеміз бұрынғыдан да гүлденіп келеді. Қаншама жаңа ғимараттар, емдеу мекемелері салынды. Айнала көкке оранып, ауданымыз ажарлана түсті. Өзбекстан халқымен ғасырлар бойы бірге өсіп келеміз. Ол жақта ағайын-туыс тұрады. Бір өзеннен су ішіп, бір ауамен тыныстанған туыс халықпыз. Қиындықта көмек беріп, қуанышымызды да бөлісіп отыр», - дейді Мырзакент ауылының тұрғыны Шахзада Құрбанбаева.