ТҮРКІСТАН: Мақтааралда 35 мың гектар жерге мақта егіледі

0
1 858

Биыл мақтааралдық шаруалар 35 мың гектар жерге ақ алтын шитін себеді деп күтілуде.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда 35 мың гектар жерге мақта егіледі

Мақтаарал ауданында шаруалар мақта егу науқанына жаппай кірісіп кетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы бірнеше шаруа қожалықтарын аралап көріп, мақта егу науқанының жұмыс барысымен танысқан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өсер Мырзамданов хабарлады.

Биыл мақтааралдық шаруалар 35 мың гектар жерге ақ алтын шитін себеді деп күтілуде. Ол үшін мың тоннаға жуық тұқымдық шит дайындалып, сортына қарай 230-350 теңге аралығында сатылуда. Сонымен қатар, Түркия мен Қытайдан да тұқымдық шит тасымалдануда.

Көктемгі дала жұмыстарына 954 ауыл шаруашылығы тракторлары, 415 чизель, 3876 тырма, 212 тұқым сепкіш техникалары қатысуда. Биыл шаруаларға көмек беру мақсатында көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін "Ырыс" микро қаржы ұйымы арқылы жылдық 6%-бен 293 млн. теңгеден аса несие берілген.

Айта кетейік, өткен жылы ауданда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 42 млрд. теңгеге жеткен болатын. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 32,2 млрд. теңге, мал шаруашылығы 9,6 млрд. теңге, ауыл шаруашылық қызметі 278 млн. теңгені құрап еді.

Былтыр 38 мыңнан аса гектар жерге мақта дақылы егіліп, аудан бойынша 96 511 тонна "ақ ұлпа" қамбаға жиналды. Орташа өнімділік 25 центнерге жетіп, мақташылар жылды толағай табыспен аяқтаған.