ТҮРКІСТАН: Мақтааралда бала тәрбиесіне қатысты мәселелер талқыланды

0
1 121

Мырзакентте «Бала тәрбиесіндегі әлеуметтік желінің әсері» тақырыбында аудандық конференция өтті.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда бала тәрбиесіне қатысты мәселелер талқыланды

Бүгін Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентіндегі N4 «С.Рахымов» атындағы жалпы орта мектебінде «Бала тәрбиесіндегі әлеуметтік желінің әсері» тақырыбында аудандық конференция болып өтті деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Конференцияға аудандық мәслихат хатшысы Қадыр Сәрсекбаев пен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Сүндет Кенжебаев, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Мадияр Бабашев пен аудандағы барлық мектептің директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен ата-аналар комитеті төрағалары қатысты.
Алқалы жиын ата-аналар мен ұстаздарға бүгінгі қоғамда орын алып отырған түрлі жағдаяттар, соның ішінде – жастар арасындағы әлімжеттік пен отбасылық зорлық-зомбылықтар, теріс пиғылды түрлі діни теріс ағымдардың іс-әрекеттері топтастырылған бейнероликтер көрсетіліп, мамандардың кеңесі тыңдалды.
Сонан соң сөз алған аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Мадияр Бабашев аудан мектептеріндегі бала тәрбиесіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды. Әлеуметтік желінің тиімді және зиянды жақтарын жіктеп, түсіндірді.
Ал, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Сүндет Кенжебаев отбасылардағы қадағалаусыз әлеуметтік желілер, қазақы тәрбие мен менталитетке жат парақшалардың көбеюі, отбасындағы бала тәрбиесі секілді өзекті мәселелерге тоқталды.
Сонымен қатар, жарыссөзге шыққан педагог мамандар жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, суицид, ерте жүктілік, діни сауатсыздық сынды күрмеуі шешілмей тұрған күрделі мәселелер жөнінде баяндамалар жасап, ұсыныстарын айтты. Айтылған пікірлерді біргелікте талдады.
«Алдағы уақыттарда осы тақырыптағы жиындар мен ашық тәрбие сағаттары аудандағы барлық мектептерде, сынып сағаттарында өткізілетін болады. Олқылықтардың алдын алу шаралары тек құр сөзбен, жиналыс өткізумен ғана шектеліп қалмай нақты іс-шаралармен жалғасын табатын болады» деді ауданның бас ұстазы конференция соңында.