ТҮРКІСТАН: Мақтааралда бизнесі бар қыз-келіншектер сайысқа түсті (фото)

0
2 326

Байқауға кәсіпкерлік саланы жақсы меңгерген 30 – 55 жас аралығындағы 7 іскер қыз-келіншек қатысты.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда бизнесі бар қыз-келіншектер сайысқа түсті (фото)

Мақтаарал ауданында «Әйел. Қоғам. Бизнес» атты іскер қыз-келіншектер байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Байқауға ана тілін жетік білетін, ой-өрісі кең, кәсіпкерлік саланы жақсы меңгерген 30 – 55 жас аралығындағы 7 іскер қыз-келіншек қатысты.

Аудандық «Аналар алқасы» мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен өткен байқауда аудан кәсіпкерлері «Мен әйелмін, әлемнің анасымын», «Менің бизнес әлемім», «Кәсібім – несібем», «Өнерім – өнегем» және «Үй тапсырмасы» сынды 5 бөлім бойынша сайысқа түсті.

Әр бөлім бойынша үміткерлер өзін және отбасын таныстырып, өзінің бизнес жобасы мен атқарып отырған жұмысының нәтижесі, халыққа тигізер пайдасы жайында түсіндірді, өзіндік талғамдарына сай түрлі ас мәзірін дайындады. Әділ қазылар тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға арналған сұрақтарға жауап берісіп, өз өнерлерін көрсетті.

«Біздің бұл сайысты ұйымдастырудағы мақсатымыз – қыз-келіншектерімізді отбасы, ошақ қасында қалдырмай олардың қоғамдағы рөлін арттыру, мемлекетіміздің қолдауының арқасында кәсібін ашып, жетістіктерге жетіп жүрген, сол арқылы елдегі жұмыссыздықты еңсеруге үлесін қосып жүрген нәзік жандыларды халыққа таныстыру, өзге де қыз-келіншектерге үлгі ету», - дейді аудандық аналар алқасының төрайымы Сәуле Сейдуалиева.

Ұйымдастырушылар бекіткен шартқа сәйкес қатысушылардың нақты жауап беруіне, киім үлгісі мен сахна мәдениетіне ерекше мән берген әділ қазылардың шешімімен жүлделі орындар мен арнайы номинациялар бойынша түрлі марапаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

Сайыс соңында кәсіпкерлік саласында толағай табыстарға қол жеткізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген бірқатар нәзік жандылар аудан әкімі Бақыт Насырханұлының алғыс хатымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.