ТҮРКІСТАН: Мақтааралда ерікті жастар қайрымдылық концерт өткізді

0
3 231

Қоғамның әлсіз бөлігі саналатын мұқтаж жандарға көмек қолын созу мақсатында ұйымдастырылған шарада Мырзакент мүгедек балаларды оңалту орталығының да бүлдіршіндері ән шырқады.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда ерікті жастар қайрымдылық концерт өткізді

Күн санап елдегі, қоғамдағы өзекті мәселелерге араласып беделі артып, өздеріне деген сенімді күшейтіп келе жатқан мақтааралдық ерікті жастар қайырымдылық концерт өткізді. Концертке түскен қаржы мұқтаж отбасыларға теңдей бөліп берілді деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Өзгенің ауырын жеңілдетіп, басқаның басына түскен қайғыны сезе білу – адамдық қасиеттің ең ұлысы. Жастардың бойына қайырым, мейірім, имандылық сынды асыл қасиеттерді сіңіріп, оларды адами рухта тәрбиелеу мақсатында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ жанынан құрылған ауданның ерікті жастары «Жан жылуы» қайырымдылық концертін өткізді. Концертте жергілікті және көршілес аудандандар шақырылған өнерпаздар ән шырқап, Республикалық «Жайдарман» ойындарының чемпионы «Сырдария» құрамасы өнер көрсетті.


Тағдырдың тауқыметі мен өмірдің ащы тұздығын татып, қоршаған ортадан, иманжүзді азаматтардан мейірім шуағы мен жан жылуын күткен қоғамның әлсіз бөлігі саналатын мұқтаж жандарға көмек қолын созу мақсатында ұйымдастырылған шарада Мырзакент мүгедек балаларды оңалту орталығының да бүлдіршіндері ән шырқады.
Ауданның ерікті жастары таңдаған отбасылардың бірі – Еңбекші ауылдық округі, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны, 6 перзенттің әкесі Умарбек Уразов. 2012-жылдан бері бауыр ауруына шалдыққан. Шұғыл түрде бауыр трансплантациясы қажет.
Ал, екінші отбасы – 1996-жылы туылған Шарапат Зикиряева. Жайлыбаев ауылында тұратын Шарапат сирек кездесетін мукополисахаридоз дертіне шалдыққан болса, үшінші отбасы – жалғызбасты ана Сапаркүл Бекенова. Төрт перзентті өмірге алып келген ана артериялық гипертензиямен диспансерлік есепте тұрады, жүру мүмкіндігінен айырылған.

Концертті ұйымдастыру барысында сатылған билеттерден түскен және арнайы қайырымдылық жәшіктерге салынған қаражаттар арнайы комиссиямен есептеліп, әр отбасыға 200 мың теңгеден медициналық тексерулері мен жол қаражаттарына теңдей үлестіріліп берілді. Мұнан да басқа шара қатысушыларына алғыс хаттар тапсырылып, сый-сияпаттар жасалды.
«Біздің бұл шараны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – еліміздің, қоғамымыздың өркендеуіне үлес қосып, өз шама-шарқымызша қоғамның әлсіз бөлігі саналатын мүгедек, зағип жандар мен мұқтаж отбасыларға демеу жасап, қолдау көрсету. Өйткені – мұндай жағдай біреуден сұрап немесе сатып алатын емес, Алладан келетін бұйрық. Оған ешкімнің де қарсы келер қауқары жоқ» дейді шараны ұйымдастырушы ауданның ерікті жастары.